Ата заңды реформалау бойынша жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасыловтың атап өткеніндей Конституцияда Назарбаевқа қатысты "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деген сөз ғана қалады.
"Тұңғыш президент - Елбасы туралы заң күшін жояды", – деп мәлім етті ол.
Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша қазіргі уақытта Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделген.
Айта кетелік, Тұңғыш Президент туралы заңда
Назарбаевты жауапқа тарту ғана емес, сонымен бірге ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, жауап алуға немесе жеке тексеруге болмайды делінген.
Қол сұқпау туралы заң президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, хат-хабарларға, оларға тиесілі құжаттарға да қолданылады.
Тиіспеушілік Қазақстан Тұңғыш президенті – Елбасы қорына және ол құрған өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.
Бұдан бөлек, конституциялық заң Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі банк шоттарының құпиялығына және оған қол сұқпауына кепілдік береді.
Қаңтар оқиғасынан кейін парламент тұңғыш президент туралы заңға түзетулер енгізді, олар Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын жойды.
Сонымен қатар, парламент елбасымен республиканың сыртқы және ішкі саясаты мәселелерін келісу қажеттілігінен айыруды заңдастырды.
Бұған дейін БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Әділет министрі Қанат Мусин Тұңғыш президент туралы заң елбасы мен оның отбасын тергеуден емес, қылмыстық жауапкершіліктен қорғауға кепілдік беретінін мәлімдеген.