Бұл жөнінде Orda.kz сайты хабарлады.
Сайт Хаменованың сотқа тергеу изоляторынан жеткізілгенін жазып, суретін де жариялады. Судья Жамағали Тәшімов одан "айыптау актісін алдыңыз ба" деп сұрағанда "алмадым" деп жауап берген. Кейін прокурор айыптау актісін тапсырған.
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталғаны былтыр желтоқсанда белгілі болған.
Шенеуніктің үстінен "Едәуір көлемде пара алу" (Қылмыстың кодекстің 366-бабы 2-бөлімі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ол 4,5 млн теңге көлемінде "пара алғаны" жөнінде күдікке ілінген. Бұл Атырауда орнатылуы тиіс Абай ескерткішіне бөлінген тендер қаражатынан "откат" деп айтылады.
Бастапқыда ол үйқамаққа алынып, кейін үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстырылды. Осы іс аясында Ақылбек Рысқалиев те "пара алды" деген күдікке ілінген. Ал "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов "пара берді" деп айыпталып отыр.
Orda.kz жазуынша, сәрсенбі күні Хаменованы қолдауға 30 шақты адам келген. Бірақ кейбірі залға сыймағандықтан сыртта күтуге мәжбүр болған. Судья сот отырысын 11 тамызға ауыстырған.
Бақытгүл Хаменова 2020 жылы наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Оған дейін 6-шақырылымдағы мәжіліс депутаты болды.
2016 жылы депутат болып жүрген кезде ол астананы "Елбасы" деп атау туралы ұсыныс айтқан.
Бұған дейін Атырау облысы әкімінің тағы екі орынбасары "пара алу" бойынша күдікке ілінген.