Атырауда емханадан жарты миллиард жымқырған бухгалтер 3 миллионын ғана қайтарған

Көркем Алдабергенова 15 қаз. 2024 09:11 89250

Атырауда емханадан 573 миллион теңге жымқырған бухгалтер сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Істі Атырау қаласының №2 соты қараған. Бухгалтер аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденгені, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін айыпталған. 

Соттың анықтағаны

Атырау қалалық емханасының бас бухгалтері қызмет бабын пайдаланып, пайда тапқысы келіп, 2012-2023 жылдар аралығында өзіне сеніп тапсырылған 573 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденіп, банктердегі өз есеп-шоттарына аударған.

Қылмыстық жолмен алынған осы қаражатты аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы заңдастырған. Емханаға аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Істі қарау барысында сотталушы 3 млн теңгені өтеген.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор сотталушыны 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, шынайы түрде өкініп, жеңіл жаза түрін тағайындауды сұрады.

Сот шешімі

Сотталушының айыбын ішінара мойындап, шынайы түрде өкінуі, асырауында жас балаларының болуы, келтірілген зиянды ішінара өтеуі  – жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сотталушы тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленіп, қаражат және материалдық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Апелляция бірінші сатыдағы соттың үкімімен келісті. Сот үкімі заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар