Атырау облысында жемқорлық деңгейі төмендеді

Dalanews 25 қаң. 2021 04:15 687

«Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы өңірлік комиссияның алғашқы отырысы өтті», - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.


Жиында Трансперенси Интернешнл ұйымының Қазақстандағы өкілдігі жүргізген "2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі" зерттеуінің нәтижелері жарияланып, Атырау облысындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі және алдын алу шаралары қаралды.


Трансперенси ұйымының Қазақстандағы сарапшылары қалалар, облыс және аудан орталықтары деңгейінде 9 000 респондентпен сауалнама жүргізіп, "ашық диалог" порталына келіп түскен 1 347 өтінішті зерттеген.


«Халыққа жүргізілген сауалнама нәтижелері мемлекеттік органдарға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа тап болған адамдардың үлесі  2019 жылмен салыстырғанда 2,1% - ға төмендеген»,- деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов.


Еске сала кетейік, Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бірінші орынбасары Айдос Мамыттың бірнеше күн бұрын  өңірде жемқорлық фактілері 9 пайызға төмендегенін атап өткен болатын.


Отырыста «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиева да өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.


«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 72 ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізілген.


Сонымен қатар, жоба жетекшісі тұрғындардың біліктіліктерін арттыру үшін электрондық қызметтер бойынша азаматтар үшін оқыту бейнероликтерін әзірлеуді, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысындағы терможаңғырту жүйесін цифрландыруды, яғни арнайы сайт жасау туралы ұсыныс білдірді.


Жиынды қорытындылған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірде жемқорлық деңгейінің төмендегеніне қарамастан, аталған індеттің алдын алу үшін құзырлы сала қызметкерлері жұмысты әлі де күшейту қажеттігін баса айтты.  Жемқорлықпен күрес қашан да күн тәртібінде тұратын мәселе екеніне тоқталған ол тиісті лауазым иелеріне бірқатар тапсырма берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар