Атырау жастары маңғыстаулықтарға «Мәңгілік Ел» кітабын табыс етті

Dalanews 17 қар. 2016 08:57 824

 

 

Атырау облысының жастары маңғыстаулық замандастарына «Мәңгілік Ел» кітабын табыс етті. Салтанатты шара бүгін, 15 қарашада Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты республикалық жастар акциясы аясында өтті. 

 

Айта кетелік, «Мәңгілік Ел» кітабінда тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан жастарының жетістіктері мен олардың ҚР Президентіне  үндеулері жазылған. 

 

Іс-шарада сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:

- Еліміздің дамуына жастардың қосқан үлесі орасан зор. Олардың жалыны мен жігері Отанымыздың өркендеп, дами түсуінің кепілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұрпаққа дұрыс тәрбие, сапалы білім беру мәселесіне көп көңіл бөледі. Оның мұрындық болуымен Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама арқылы алыс-жақын шетелдерде білім шыңдап, ғылым меңгерген азаматтар Қазақстанның әр саласында алдыңғы қатарда қызмет етіп келеді. Солардың ізін жалғап, әлемдік бәсекеге қабілетті маман болу сіздердің еншілеріңізде, - деді Нұрлан Ноғаев. 

 

Шара соңында Маңғыстау облысының жастарына «Мәңгілік Ел» кітабі табыс етілді. Атыраулық жастар эстафетаны бұған дейін қызылордалық замандастырынан қабылдап алған.

 

Жиынға қатысушылар Ш.Сариев атындағы өнер музейі мен тарихи өлкетану мұражайының көрмесін де тамашалады. Онда ел тарихынан сыр шертетін деректер, қолөнершілердің көрме бұйымдары мен фотокартиналар болды. 


«Мәңгілік ел» жалпұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын жастарға насихаттап, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына олардың қосқан үлесін көрсетуді мақсат қылған игі бастама Қазақстанның барлық аймақтарында жалғасып, ҚР тұңғыш Президенті күні қорытындыланбақ.


Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар