"Атамнан қалған жер": мемлекет Үшқоңыр үшін Болат Назарбаевтың ұлымен соттасып жатыр деген дерек шықты

Сағыныш Сардарова 21 ақп. 2024 17:05 4971

Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекет Үшқоңырдағы жер телімі үшін Болат Назарбаевтың ұлымен соттасып жатқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттық радиосына сілтеп.

Радио мәліметінше, экс-президенттің немере інісі, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев Алматы облысы Қарасай ауданында жалпы көлемі 9241 гектар болатын бірнеше жер теліміне ие. Ол оған Steppe AgroMeat және QazAgroCentre компаниялары арқылы иелік етеді. Жергілікті прокуратура бұл жер телімдерін беру кезінде заңсыздықтарды анықтаған. Бұл туралы press.kz телеграм-арнасы да жазды.

"Жергілікті жер ресурстарын басқару департаменті сотқа жер телімдерін сату-сатып алу келісімдерін заңсыз деп танып, күшін жою туралы үш арыз түсірген. Аумағы 193 гектар болатын бір жер теліміне қатысты арызды Қарасай аудандық соты қанағаттандырмаған. Департамент шешімді апелляцияға берген. Қазір екі арыз қаралып жатыр", - деп жазылған деректе.

Ал Азаттық мәліметінше, Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы дәулетті адамдар тізімінде 45-орында тұр. Forbes оның байлығын 155 миллион доллар деп бағалаған. Ол – Prime Capital Invest компаниясының құрылтайшысы, PLS, PLS-TM компаниялары ("Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ мажоритар акционері) иелерінің бірі.

Бұған дейін осы мәселеге премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де жауап берген еді. Ол Үшқоңырда 15 мың гектар жерді қарулы күзет қоршап алғаны туралы депутаттардың үндеуіне пікір білдірді.

Дау Мәжіліс депутаты, журналист Мақсат Толықбай Алматы облысы Шамалған ауылындағы  Үшқоңыр тауы қоршалып тұрған жерге кіре алмағанынан басталды. Әлеуметтік желілерде аумақ қоршалған видео да тарап кетті.  Толықбайдың сөзінше, мемлекеттің 15 мың гектар жерін қару асынған күзетшілер қоршап алған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар