Асырап алған алты баланы әбден азаптаған: Қарағанды облысында бір отбасы сотталды

Асырап алған алты баланы әбден азаптаған: Қарағанды облысында бір отбасы сотталды
gov.kz

Қарағанды облысында асырап алған балаларды жылдар бойы қорлаған отбасы сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу және сот барысында ерлі-зайыпты мен олардың қызы балаларға қатыгездік көрсетіп, ұрып-соққаны, ауыр жұмыс істеткені және қорлағаны анықталған.

Сот шешімімен отағасы 12 жылға, жұбайы 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал олардың қызы 4 жыл 8 айға сотталды. Сонымен қатар, олар қарауында болған әр балаға 10 миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелді.

Қарқаралы ауданы Қоянды ауылындағы патронат отбасына алты бала 2018 жылы орналастырылған. Ер адам мектеп директоры, ал жұбайы педагог болып жұмыс істеген. Балалар қорлық көріп жүргені 2023 жылы белгілі болды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша олардың денесінен 19-дан 47-ге дейін түрлі жарақат ізі анықталған. Арасында соққыдан қалған тыртықтар мен күйік іздері де бар.

Сот отырысында айыпталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Олар шығарылған үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым беруге ниетті екенін жеткізген.