Митингке қатысушылар Президенттің саяси реформалар бағдарламасын қолдайтындықтарын білдіруде. Транспаранттар ұстаған жастардың қарасы көп.
Митинг Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындаумен басталды.
– Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан, күшіміздің бірлікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз! – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов.
Митингте сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов еліміздің саяси модернизациялаудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын алға тартты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан бастамалар мен реформалар ҚР Конституциясында паш етілген құқықтық мемлекет құруға жол ашатынына сенім мол. Біз саяси модернизациялаудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. AMANAT партиясының дүниеге келгені осының көрінісі. Тәуелсіздік – бабаларымыздың арманы әрі аманаты. Ал жаһандану тұсында арман мен аманат ақиқатқа айналу үшін елдегі ынтымақтан, келісімнен, кемел үнқатысудан артық дүние жоқ, – деді Ханкелді Әбжанов.
Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров демократияның маңыздылығына тоқталды.
– Қазақстанда саяси реформалар өзекті әрі маңызды. Әрбір қазақстандық дауыс беру және сайлану құқығын қолдана алуы тиіс. Демократияға, пікірлер плюрализміне балама жоқ. Аманаттықдардың бүгінгі шеруі көп дүниені байқатты. Саясаттан хабары барлар анық біліп отыр. Жіктеп айтар болсақ, біріншіден теріс айналған халықтың райын қайтарып, қатарларына қоғамда пікір қалыптастыратын авангарттарды тарту. Өткен қаралы қаңтарда шыны бар, өтірігі бар (популистер) партия қатарынан шыққандардың қарасы байқалды. Енді партия қатарынан кеткен халыққа шынай болысатындарды қайтаруды ойластыруы керек. Сондай-ақ партия өз қатарын екіжүзді арамдардан кішкене болса да бір тазартып алды, қайтіп кіргізбеуі керек, – деді Ерлан Саиров. Сонымен қатар депуатат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Президент пен әкім-қаралар партияны басқармайтынын, партия ашу жолдарында жеңілдеткенін тілге тиек етті. Яғни саяси аренада басқа да партиялардың пайда болатын күннің ауылы алыс емес екенін аңғартты.
– Президент өз Жолдауында идеологиялық дүниелерге басымдық берді. Атап айтқанда облыстарға облыс қосып, қала мен жаңа облыстарға тарихи есімдер мен жер атауларын беруінің түпкірінде халықтың рухын көтеру дейтін үлкен идеологиялар жатыр. Бұл кезейсоқ дүние емес. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен қоғам арасында тарихи есімдерді беру жиі айтыла бастаған болатын. Осыны ескерген Тоқаев халықтың дауысы мен билік іс-әрекетін үйлестіріп, жаңаша із қалдыра бастады, – деді Мәжіліс депутаты сөзінің соңында.