Астанда қос кітапхана жаңартылып, оқырмандармен қайта қауышты

Dalanews 25 қаз. 2023 15:20 1268

Биыл елордада 4 қалалық кітапхана жаңғыртылды. Олардың бірі Кітапханашылар күні ашылса, екіншсі бүгін, Республика күні қарсаңында оқырмандарға есігін айқара ашты 24 қазанда ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

№4 балалар кітапханасында, сондай-ақ зағип және көз жанары нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхананың биыл материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи эргономикалық жиһаз қойылды. Дизайнермен жұмыс жүргізіліп, ғимарттың қасбеті жаңартылған болатын. Сонымен қатар кітапханалардың бірі орналасқан үйдің қабырғасында мурал жасау бойынша суретшілермен жұмыс жүргізді.

Зағип және көз жанары нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханада жаңа жабдық орнатылды. «Оқу машинасы» сөйлеу синтезі бар компьютерлік тифлокешенмен жабдықталды. Оның көмегімен көз жанары нашар көретін оқырмандар кітап оқып, оқыған дүниелерін өңдеп, басып шығара алады.



– Кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Бүгін –Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалында сіздердің ағарту бағытына қосқан үлестеріңіз ерекше айтылды. Жазушылар мен кітапханашылар – бұл ажырамас жүйе, оның жүрегі – оқырман. Сондықтан кітапхананы жаңарту – шығармашылық дүниені ұнататындар үшін үлкен қуаныш, – деді Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен кітапхананың ашылу салтанатында.


Көпшілікке жаңғыртылған оқу залдарын көрсетілгеннен кейін кітапхана жүйесі қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.



Айта кетейік, бүгінде елордада 78 000-нан астам оқырман баратын 18 қоғамдық қалалық кітапхана жұмыс істейді. Барлық дерлік кітапханалар оқу, жұмыс және шығармашылық даму үшін ашық кеңістікке айналған.

Олардың көпшілігінде тегін үйірмелер, қызығушылық клубтары және мәдени орталықтар жұмыс істейді.

Жаңа 2024 жылы қаланың әр ауданында тағы төрт жаңа кітапхана ашу жоспарланып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар