Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы қылмыстық жағдайды басқа шетел мегаполистерімен салыстыру орынсыз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қасымбек бұл пікірін мәслихат депутаты Талғат Ерғалиевтің Сарыарқа ауданындағы криминалдық ахуал туралы сынына жауап ретінде айтты. Әкімнің сөзінше, елордада жыл сайын шамамен 20 жаңа полиция бекеті ашылады, әр ауданға арналған іс-қимыл жоспары ІІД-мен келісіліп, толық жүзеге асырылады. Биыл желтоқсан айында қаладағы қылмыс деңгейі 27,6%-ға төмендеген.
“Қылмыс деңгейінің төмендеуі Астананың Қазақстандағы рейтингін жақсартып қана қоймай, әлемдік мегаполистер арасындағы позициясына да оң әсерін тигізеді. Сондықтан Астананы Каракас немесе басқа қалалармен салыстыру орынсыз. Біз бәріміз осы мәселе үшін жауаптымыз. Сын айтқым келмейді, бірақ қала басшысы ретінде сіздерден осыны ескеруді сұраймын”, – деді Қасымбек.
Сарыарқа ауданындағы даму мәселелеріне қатысты әкім ресурстардың бөлінуі халық санына сәйкес жүзеге асырылатынын жеткізді. Қазіргі уақытта Көктал шағын ауданында жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр, үшінші көпсалалы аурухананың құрылысына дайындық жүргізілуде, сондай-ақ бассейні бар Оқушылар сарайы мен жаңа мектептер бой көтеруде. Агроқалаларда да білім беру нысандары салынып жатыр.
Қасымбектің айтуынша, Сарыарқа – елорданың тарихи орталығы, мұнда ескі теміржол вокзалы сияқты маңызды инфрақұрылым бар. Депутаттың сауалына байланысты қала әкімдігі ауданның қажеттіліктерін қосымша зерттеп, қажет болса келер жылдың бюджеті аясында қосымша қаржы бөлетінін мәлімдеді.
