Биыл наурыз айынан бастап елордадағы Есіл ауданында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz
2024 жылы Есіл ауданында 9 аула жаңартылды. Аталған аулаларда ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, жаңа ойын кешендері, воркаут-аймақтар орнатылды. Тағы 49 аулада жөндеу жүргізілді.
2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында алты аула абаттандырылады.
«Жобаларды іске асыру барысында тұрғындардың ұсыныстары ескеріледі. Бұл процесте «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының рөлі ерекше», – деді Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы.
Қалалық кеңістіктерді абаттандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы ауқымды жұмыс Ботаникалық бақта жүргізілді: көпірлер қайта сырланды, веложолдар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері жаңартылды, жарықтандыру қалпына келтірілді, воркаут-аймақтар мен балалар алаңдары орнатылды.
«Биыл наурыз айынан бастап елорданың негізгі орындарын кешенді жаңарту басталды – Желілік саябақтан Есіл өзенінің жағалауына дейін. Жұмыс Әл-Фараби мешіті жанындағы скверді, ЭКСПО аумағын, «Астана Балет» театры алдындағы алаңды қамтыды. Абаттандыру – бұл тек аудан келбетін өзгерту емес, әрбір тұрғынның жайлылығы мен әл-ауқатына қосылған үлес», – деп есептейді Дарменияр Қыдырбекұлы.
Сондай-ақ, Достық, Сауран және Қазақ радиосы көшелерін жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Онда түрлі-түсті тас төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар абаттандырылуда.
Ауданды көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы 13 мыңнан астам ағаш пен 76 мыңнан астам бұта мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды.
2025 жылы жоспарлы бағдарлама аясында ауданға 16 мыңнан астам ағаш және 68 мыңнан астам бұта мен көпжылдық өсімдіктер отырғызу жоспарланған.
Айта кетейік, биыл Астанада 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізіледі. Абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ, биыл 1 миллионнан астам жасыл желек (ағаштар, көшеттер, бұталар және т.б.) отырғызылады.