Астанада автобус апатынан екі аяғынан айырылған 8 жасар қыздың отбасына әкімдік баспана береді. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қыздың жағдайынан толық хабардармыз. Онымен және отбасымен бірнеше мәрте кездесулер өтті. Кеше балалар омбудсмені барды. Ал бүгін түске дейін әкім орынбасары бармақ", – деді ол Ақордада өткен брифингте.
Әкімнің айтуынша, апаттан кейін қызға 20 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі қарастырылған. Сонымен қатар әкімдік тарапынан алғашқы 10 миллион теңге беріліп, тағы 10 миллионын қосымша бөлмек. Бұдан бөлек, баспана мәселесі де толық шешілетіні айтылды.
"Бұл отбасыға пәтер беріледі. Мұны ресми түрде мәлімдеп отырмыз", – деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы автобус апатынан аяғынан айырылған 8 жастағы қыздың жағдайына байланысты ағасы мәлімдеме жасаған еді.
Ағасының айтуынша, Алуа күндіз-түні көз ілмейді, тыныш ұйқыдан айырылған.
"Мүлдем ұйықтамайды. Күндіз де, түнде де мазасы жоқ. Аздап тынықсын деп дәрі беруге тура келеді. Көз жасын тыймай, үнемі “аяғым қайда?” деп сұрайды. Бұл сұрағы жүректі қақ айырып, жанымызға батады. Жалпы медициналық жағдайы – бірқалыпты", – деп жазады ол.
Алуаның халін балалар омбудсмені Динара Закиева да арнайы барып білді.
"Алуашпен және анасымен жолықтық. Протездеу мен оңалту жайын талқыладық. Қызымызбен сырласып, кітап оқыдық. Біраз пицца жеді, үнемі “мені көтеріп жүрші” немесе “далаға шығайықшы” деп сұрай береді", – деді омбудсмен.
Динара Закиева бұл отбасының жағдайы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің тікелей бақылауында екенін де атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, бірнеше адам жарақат алған болатын. Алуа – сол апаттың ең ауыр зардап шеккен жолаушыларының бірі.