Қазақстанның ішкі істер министрлігі Kyzdar.net сайтын не үшін бұғаттай алмай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрлігі мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, заңсыз контент тарататын сайттарды бұғаттау бойынша күн сайын шаралар қабылдап жүргенін атап өтті. Бұл бағытта ІІМ тиісті сұрау хаттарды тұрақты түрде жолдап жатқан көрінеді.
"Қазіргі уақытта екі министрліктің бірлескен жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның басты міндеті – "Kyzdar.net" сайты мен оның домендерін шұғыл әрі күнделікті бұғаттап отыру. Алайда сайт әкімшілері мекенжайлар мен домендерді үнемі өзгертіп отырады, соның арқасында ресурс қайтадан қолжетімді болып шыға келеді. Осыған байланысты ІІМ жаңа сілтемелерді дер кезінде анықтап, қолжетімділігін шектеу жұмысын жалғастыруда", - делінген жауапта.
Айта кетейік, 2023 жылы 15 наурызда Kyzdar.Net сайтының топ-менеджерлері ұсталған болатын. ІІМ республика аумағында 11 адамнан құралған қылмыстық топтың жолын кесті. Олар "Kyzdar.Net" интернет-сайты арқылы жезөкшелікке жарнама жасап, онлайн жеңгетайлықпен айналысқан және күн сайын 2 миллион теңгеге дейін пайда түсіріп отырған.
Қылмыстық топқа қатысушылардың жалпы ақша айналымы 8 миллиард теңге болады (орташа алғанда жылына 2 миллиард теңгеден асады). Сайтқа жыныстық сипаттағы 6 мыңға жуық хабарландыру салынған. Сауалнамалар бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 150 адам анықталып, олардан жауап алынған, олар сайттың топ-менеджерлеріне жүйелі түрде ақша аударып отырғандарын растады.