Елімізде құбандық шалу үшін қазақстандықтарға қанша қаражат қажет? Ет қымбаттағандықтан, қойдың ең төмен бағасы 60 мыңнан басталса, ең қымбат мал түйе үшін 1 миллион 100 мың теңге керек екен, деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz-ке сілтеп.
Биыл наурызда елімізде ет 2%-дан аса қымбаттады. Ал мал бағасы былтырмен салыстырғанда биыл 14,5 пайызға өскен. Құрбан айтқа қарай мал базарларының саудасы жүріп, баға үстемелене түсері анық.
Олардың ішінде құрбан айтта ең көп сұраныстағы түліктердің бірі қой:
- Тоқты – 60-70 мың теңгеден басталады;
- Қой, ісек, қошқар – 80 мың теңгеден жоғары бағаланған.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өңірлердегі мал бағасын есептепті. Мұнда ең қымбаты: қой – 100 мың теңге; сиыр – 700 мың теңге, түйе – 1 100 000 теңгеге дейін бағаланған.
Құрбан айт қарсаңында тіпті базарларда саудагерлермен бағаны келісетін делдалдардың да қызметі қыза түседі. Желіде тараған видео астындағы жазбаларға қарасақ, олар тіпті мал бағасын 40-50 мың теңгеге дейін түсіріп береді екен.
Құрбандық шалуға қаражаты болса да, денсаулық жағдайы келмесе немесе белгілі бір себептермен өзі барып бұл міндеттерді орындай алмаса, азаматтар ақшасын аударып, онлайн түрде құрбандық шала алады.
“Биыл да елімізде Құрбан шалу онлайн және оффлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Егер өзі бара алмаса, бір кісіге өтініш жасап, құрбан шалуға рұқсат етілген. Демек онлайн форматта құрбан шалуға тапсырыс бере аласыздар”, — деді Бас мүфти ҚМДБ-да өткен баспасөз мәслихатында.