Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астанада болған атыста жарақат алған полиция қызметкерінің жағдайы мен оқиғаның егжей-тегжейін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша полицей қызметтік ауысымын аяқтағаннан кейін, көшеде қолында мылтығы бар адамды байқап, оны ұстау және залалсыздандыру шараларын қабылдаған. Алайда күдікті тәртіп сақшысының арқасына оқ атып, жарақаттаған.
"Қазіргі уақытта қызметкеріміз ем қабылдап жатыр. Алғашқы күндері жансақтау бөлімінде болды", - деді Әділов.
Оқиға барысында полицей күдіктіні қарумен залалсыздандырған. Кейін оқиға орнына жеткен басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері күдіктіні ұстаған.
ІІМ орынбасарының айтуынша, соттың санкциясымен күдікті кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша қамауға алынған.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде елордада атыс болғаны және жарақат алған қызметкердің арнайы қызмет өкілі болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған еді.
