Астанада құрылыс қалдықтарын шығармаған компания жауапқа тартылды

Астанада құрылыс қалдықтарын шығармаған компания жауапқа тартылды
pixabay.com

Астанада санитарлық тазалық пен абаттандыру талаптарын бұзған құрылыс компаниялары анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елорда аумағында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері рейдтік іс-шаралар барысында 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. 

Кезекті бақылау барысында құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым жұмысты аяқтағаннан кейін құрылыс қалдықтары мен қоқысты аумақтан уақытылы шығармағаны анықталды. Соның салдарынан қалдықтар қоршаған ортаға кері әсер етіп, аумақтың санитарлық жағдайы бұзылған.

Осы факті бойынша мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылық анықталғаннан кейін жауапты тұлғаларға аумақты қысқа мерзімде тиісті жағдайға келтіру тапсырылды. Нәтижесінде мердігер ұйым барлық қоқыс пен құрылыс қалдықтарын жинап, толық шығарды және аумақ тазартылды.

Тағы бір бақылау іс-шарасы кезінде құрылыс компаниясының абаттандыру және санитарлық тазалық талаптарын сақтамағаны анықталды.

«Атап айтқанда, құрылыс нысанына іргелес аумақта құрылыс материалдары мен қалдықтары жиналған, ал аумақтың өзі тиісті санитарлық жағдайда ұсталмаған. Осы факті бойынша құрылыс компаниясына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады полиция.

Полиция бұған дейін де құрылыс ұйымдарының нысандарға іргелес аумақтарды тиісінше күтпегені үшін әкімшілік шаралар қабылданғанын хабарлаған. 

Құқық қорғау органдары абаттандыру және санитарлық тазалық талаптарын бұзуға жол берілмейтінін ескертті. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі мен ұйым өзіне бекітілген аумақтың тазалығына жауапты.