Астанада кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша түнгі рейдтер тұрақты өткізіледі

Dalanews 12 қаз. 2024 08:43 3144

Астанада 16 қыркүйек пен 1 қараша аралығында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға аудан әкімдіктері, қалалық Полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімі, Білім басқармасы және елорда әкімдігінің Әйелдер істері және демографиялық саясат, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия өкілдері қатысуда.

Учаскелік полиция инспекторлары өздері қызмет көрсететін объектінің криминогендік жағдайын зерделеу үшін аулаларды және пәтерлерді аралайды, ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарды олармен профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін тексереді.


Сонымен қатар қоғамға жат әрекеттерді алдын алу үшін жалдамалы пәтерлер, базарлар және басқа да сауда орындары, тұрмысы төмен отбасылар, жастар мен кәмелетке толмағандар шоғырланатын жерлерге, нақтырақ айтқанда орталық саябақ, сауда-ойын сауық орталықтары, компьютер клубтары тексерілуде.


Астана әкімдігінің Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Қарлығаш Сәркенованың айтуынша, кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау мәселелері комиссияның ерекше бақылауында.

«Жедел алдын алу іс-шарасы Астанадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмауға бағытталады. Жасөспірімдердің өздерімен профилактикалық тұрғыда әңгіме жүргізе отырып, оларды заңға бағынуға шақырамыз. Балаларды қараусыз қалдырған ата-аналарды да анықтап, қажет болған жағдайда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,- деді Қ.Сәркенова.


Құқық қорғау және мемлекеттік органдар, Астана қаласы әкімдігінің әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшелерімен бірлесе отырып, түнгі уақытта қала көшелерінде және ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтер өткізеді.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, 22.00-ден 6.00-ге дейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қарауынсыз ойын-сауық орындарына баруына тыйым салынған, сондай-ақ 23.00-ден 6.00-ге дейін кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден заңды өкілдерінің ерік жүруінсіз шығуына тыйым салынады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар