Елордада 18 жастағы қыз «Үш арыс» монументінің үстіне шығып, фотосессия ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қоғам наразылығын тудырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіровке арналған ескерткіш орналасқан Жазушылар аллеясында болған. Желіде тараған видеода бойжеткен Бейімбет Майлин мүсінінің мойнына мініп алып, аяғын салбыратып отырғаны көрінеді. Сол сәтте жанындағы құрбысы оны суретке түсіріп тұрған.
Видеоны журналист Дүйсенәлі Әлімақын түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Оның айтуынша, оқиға куәгері ретінде қыздарға жақындап, монументте кімдер бейнеленгенін сұраған. Алайда олар бір-біріне аң-таң болып қарап, нақты жауап бере алмаған.
— Ұялған да жоқ, кешірім де сұрамады, — дейді журналист.
Жарияланымнан кейін әлеуметтік желі қолданушылары қыздың әрекетін сынға алып, қызу пікірталас басталды.
Кейін полиция тәртіп бұзушының жеке басын анықтап, 18 жастағы қызды бөлімшеге жеткізген. Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік шара қолданылып, материалдар сотқа жолданды.