Елордада қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
47 жастағы ер адамның қоғамдық орындарда агрессивті әрекет жасауына байланысты полицияға үш рет шағым түскен.
Алғашқы оқиға қалалық автобуста тіркелген. Мас күйде болған ер адам балағат сөздер айтып, жолаушы әйелмен жанжал шығарған. Әйел полицияға жүгінді.
Автобустан түскеннен кейін ол аялдамада тағы бір әйелмен сөзге келіп, оған да әдепсіз сөздер айтқан.
Кейінірек ер адам велосипедшімен жанжалдасып, оның велосипедін лақтырып жіберген. Осы оқиғадан кейін велосипедші де полицияға арызданған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзған адамды анықтап, оны ұстады. Оған қатысты екі рет ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.