Астана әуежайындағы метеожағдай күрделі. Мұзды жаңбырдың салдарынан бірқатар рейс кешігіп, кейбірі тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Әуежай аумағында мұзды жаңбыр жауып жатыр. Әуежай мен барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», – деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.
Әуежай мәліметінше, келу бағыты бойынша 11 рейс кешігіп, бір рейс тоқтатылған. Ұшып шығу бағытында төрт рейс кейінге шегерілген. Кестедегі өзгерістердің негізгі себебі – ауа райына байланысты әуе кемелерінің кеш келуі.
«Жолаушылардан онлайн-таблоны, әуекомпаниялардың хабарламаларын және терминалдағы ақпаратты бақылап отыруды сұраймыз. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамыз», – деп мәлімдеді әуежай өкілдері.
