Астанада 21 жастағы азамат бұрынғы сүйіктісін тұрақты түрде аңдып, қоқан-лоқы көрсеткені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар ол сталкинг бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жуырда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында 2004 жылы туған Бекзат Мұратбекке қатысты әкімшілік хаттама қаралған.
Сот материалдарына сәйкес, Жаңа жыл қарсаңында ол тұрғын үй ауласында таныс қызына айқайлап, көпшіліктің көзінше балағат сөздер айтып, ар-намысын қорлаған. Оқиғадан кейін қыз бұл жағдайды ата-анасына айтып, полицияға жүгінген.
Тексеру барысында Бекзат Мұратбектің кейінгі үш ай бойы жәбірленушіні мазалап келгені анықталған. Ол қызғаныш танытып, жанжал шығарып, мессенджерлер арқылы қорлайтын хабарламалар жолдаған, сондай-ақ бұрын өзіне жұмсалған ақшаны қайтаруды талап еткен.
Белгілі болғандай, жігіт арасында кешірім сұрап, түзелуге уәде бергенімен, уақыт өте келе әрекеттерін қайта жалғастырған. Ол өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, қызды "түрмеге отырғызамын" деп қорқытқан. Алайда бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталған. Мұндай әрекеттердің негізгі себебі қызғаныш болған.
Істі қараған судья Қарлығаш Жақыпбекова Бекзат Мұратбекті ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар қорғау нұсқамасына сәйкес оған бір жыл бойы жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды.
Бұдан бөлек, сот Астана қаласының Полиция департаментіне жеке қаулы жолдап, Бекзат Мұратбектің әрекеттеріне қосымша құқықтық баға беруді тапсырған.
Судьяның пікірінше, оның әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 115-бабында көзделген сталкинг қылмысының белгілері бар.
