“Астана” халықаралық форумын өткізуге 4,5 млрд теңге бөлінбек

Қаракөз Амантай 06 ақп. 2025 13:59 1597

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин “Астана” халықаралық форумын өткізуге 4,5 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“4,5 млрд теңге – шамамен белгіленген сома. Біз мүмкіндігінше оңтайландыруға тырысамыз. Бірақ мұндай деңгейдегі форумдар үшін бұл аса үлкен сома емес”, – деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, 29-30 мамырда “Астана” халықаралық форумы өтеді. Бұл туралы Үкімет басшысы хабарлады.

“Астана халықаралық форумын дайындаудың және өткізудің ұйымдастырушылық және мазмұндық мәселелерін шешу үшін Астана халықаралық форумын дайындау және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамы бекітілсін. Ұйымдастыру комитеті Астана халықаралық форумының жоғары халықаралық деңгейде дайындалуын және өткізілуін ұйымдастыруды, оның ішінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Астана халықаралық форумын дайындау және оны өткізу жөніндегі қызметін үйлестіруді қамтамасыз етсін”, - делінген өкімде.

Форумды ұйымдастыру және бақылау Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министріне жүктелді.

Еске салайық, өткен жылы су тасқынына байланысты Астана халықаралық форумы өткізілмеген болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар