«Астана сақасы»: елордада асық атудан турнир өтті

Ақтоты Жапатова 04 шіл. 2025 17:10

Елорда күні қарсаңында «Ғашықтар» аллеясында «Астана сақасы» асық ату турнирі өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жарысқа екі жас категориясы бойынша ойыншылар қатысты. Бірінші топ бойынша 12-16 жастағы 50 жасөспірім бақ сынады. Олардың 30-ы ер балалар асық атып, қалған 20-сы қыздар бес асық ойнап, жарысты.

Екінші топ бойынша жарыс 17-ден жоғары ересектер арасында өтті. Олар асық атудың «Бес табан» деген түрін ойнаса, одан бөлек қала тұрғындары арасында «Бескене», «Жеті асық» деген түрлері де ойнатылды. Олимпиадалық жүйемен ойналған жарыста жеңілгендер ойыннан шығып отырды. Жарысқа осы ойыннан жаттықтырушы болып жүрген және жүлде мен атақтар алған 12 төреші қазылық етті.

«Бұл – тек жарыс, бәсеке емес. Бұл – біздің дәстүріміз. Асық ату – ертеден келе жатқан ұлттық ойындардың бірі. Асық баланың кішкентай кезінен жүйке жүйесін дұрыс қалыптастырып, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Бұл 6 жасар баладан 60-тан асқан ақсақалдарға дейін ойнайтын ойын. Соның дәлелі ретінде бүгінгі турнир соңында қаламыздың ақсақалдары Советхан және Нағашыбек деген ағаларымыз да асық ату ойынының үлгісін көрсетеді. Жалпы бүгінгі мақсат қала күні қарсаңында тұрғындарға жоғары көңіл-күй сыйлау», – дейді Асық ату спортынан аға жаттықтырушы, Астана қалалық Асық ату федерациясының төрағасы Ескендір Рахметов.

Турнир жеңімпаздарына iPad және смартфон тарту етілді. Ойын кезінде асықтардың түрлері қойылған көрме ұйымдастырылды. Бүгінде Астанадағы 27 мектепте Асық ату факультативтері тегін жұмыс істейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар