Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайларды жою департаменті басшысының орынбасары Аслан Уакишев Астана – Петропавл тас жолында 95 көліктің соқтығысуына кімдердің кінәлі екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Апат салдарынан 20 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Мамандардың айтуынша, оқиғаға жүргізушілердің тәртіпсіздігі ықпал еткен. Алдын ала мәлімет бойынша, көліктер колоннамен қозғалып бара жатқан кезде, кейбір жүргізушілер қауіпсіздік ережелерін елемей, өзге көліктерді басып озуға тырысқан. Нәтижесінде, апатты жағдай туындаған.
“ІІМ қызметкерлері колоннамен жүруді ұйымдастырғанымен, жүргізушілердің жауапсыз әрекеті осындай қайғылы оқиғаға алып келді. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде”, – деп атап өтті Уакишев.
Төтенше жағдайлар қызметі апат орнында үйлесімді әрекет етіп, зардап шеккендерге жедел көмек көрсеткен. Қажетті адамдарды жылыту пункттеріне жеткізіп, қалаға жетуі тиіс жолаушыларды пойыздарға отырғызған.
Сондай-ақ Аслан Уакишев жүргізушілерге жолдардың жабылуы туралы ескертулер мен белгілерді елемеу әкімшілік жауапкершілікке алып келетінін еске салды. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – әрбір жүргізушінің басты міндеті екенін ерекше атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін "ҚазАвтоЖол" Астана маңындағы тасжолда 95 автокөлік соқтығысқаны туралы мәлімдеген еді.
3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар "Астана-Петропавл" автожолының (18-232 шақырым) учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ауа райы жақсарғаннан кейін және жол тазартылған соң, сағат 12:30-да Щучинск қаласы бағытына қозғалыс полиция департаменті қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" арнайы техникамен ұйымдастырылды.
Алайда алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жанаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" мамандары жұмыс істеді. Бір жолақ тазартылып, жарамды көліктер қозғалысын жалғастырған еді. Оқиға орнында 22 біріккен жол машинасы және 2 трактор жұмылдырылған болатын.
