– Олжас мырза, «Астана банкінің» хал-ахуалына қатысты әңгіме тарағаны баршаға аян. Оқырмандар арасында сіздердің клиенттеріңіз де бар екенін білеміз. Жағдайды өз аузыңыздан баяндап берсеңіз жөн болар еді?
– Еліміз Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында қаржы-экономикалық дағдарысты үлкен абыроймен еңсерді.
Қазіргі таңда еліміздің банк жүйесі жүйелі даму жолына түскенін өзіңіз де білесіз.
Біздің "Астана банкі" де өзге екінші деңгейлі банктер секілді тұрақты даму бағытынан айныған емес.
– «Астана банкі» қашан, қалай құрылды? Мақсаттарыңыз қандай? Сол жайында қысқаша айтсаңыз?
– «Астана банкі» 2014 жылы «Астана финанс» банкінің негізінде құрылды.
Құрылғалы бері қаржы институты Елбасының қаржы-экономикалық бағыттағы тапсырмаларын назарға алып, жұмыс жүргізуде.
Оның ішінде қаржы-экономика саласын цифрландыру, ауылшаруашылығын кооперациялау және халықпен тығыз жұмыс істеп, салымшылардың қатарына қосу біздің басты мақсат.
Қазіргі таңда «Астана банкінің» Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Атырау, Талдықорған және Ақтөбедегі филиалында 550-ден астам адам жұмыс істеуде.
– Сонда сіздер халыққа «Астана банкінің» акционері болуға мүмкіндік берген бірден-бір қаржы ұйымы болдыңыздар ғой? Бұл бағыттағы жұмысты қалай жүзеге асырдыңыздар?
– 2008 жылы «Халық банкі» акцияларын қор биржасы арқылы саудаға шығарып, халықтың банк акционері атануына мүмкіндік туғызды.
Бұдан кейін осы іс-тәжірибені «Астана банкі» жүзеге асырып, зор табысқа жетті.
Халықтық IPO бағдарламасына тікелей қатысымыз болмаса да, бұл іске тәуекел етіп, іске кірістік. Нәтижесінде ісіміз оңға басып, халық "Астана банкіне" сенім артты.
Қазіргі таңда біздің акционерлер саны 2500-нан асып жығылады. Бұл біздің басты ерекшілігіміз.
Мұншама көп акционері бар банкті Қазақстанды былай қойып, ТМД кеңістігінде сирек кездестіресіз. Қарапайым халықтың банк акционері болуы банк жұмысының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға барынша септесті.
Ел арасынан салымшы-акционерлерді тартып, табысқа жеткен Қазақстандағы санаулы қаржы ұйымдардың бірі болдық.
Осы ретте тәуелсіз Қазақстанның жүрегі – Астана сынды қарыштап дамыған «Астана банкінің» акцияларын көрші Ресейдің азаматтары да сатып алып, Қазақстанның қаржы жүйесіне сенім артқанын айта кетуіміз керек.
Қазіргі есеп бойынша, «Астана банкінің» Қазақстандағы акционерлер саны 1700-ден асса, Ресейде бізге 700-ден астам адам сенім артты.
Осылайша біздің банк Қазақстанның қаржы-экономикалық саясатта жоғары деңгейде дамығанын нақты іспен дәлелдеді.
Бұдан сырт біздің банк 2019 жылдан жалпы жұмыс жүйесін толықтай мемлекеттік тілге бейімдеуді мақсат тұтып отыр.
Өзіңіз де білесіз, жыл өткен сайын қазақтілді аудитория саны жағынан да, сапасы жағынан да өсіп келеді. Біз осы мәселені ескеріп отырмыз.
Осы арқылы қазақ тілі – қаржы тілі, банк тілі бола алатынын дәлелдегіміз келеді.
Бүгінде біздің қаржылық қызметімізді 800 мыңнан астам халық тұтынады.
– Аз уақыттың ішінде мұншама клиентті қалай тарттыңыздар?
– Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда цифрлы экономика құру ісі қарқынды жүріп жатқаны өзіңізге мәлім.
Біздер жұртшылықтың қарапайым қалта телефонымен банк қызметтерін үйде отырып, жұмыста жүріп пайдалануына барынша күш салдық.
Клиенттеріміз үшін қолайлы қосымшалар дайындап, оларға мінсіз қызмет көрсетуге бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз.
Осындай жүйелі жұмыстың арқасында көңіл қуантарлық нәтижеге қол жеткіздік.
Жалпы, цифрландыру жұмыстары еліміздің қаржы жүйесінде қарқынды жүріп жатыр деп нық сеніммен айта аламын.
– Демек, жағдайларыңыз жақсы болды ғой?
– Әрине. "Астана банкінің" тұрақты даму бағытынан айнымағанын айғақтайтын мына бір жайтты айта кетейін.
Жақында біздер қызмет көрсету аясын кеңейту мақсатында Ақтөбе қаласында бөлімшемізді аштық.
Егер банк қандайда бір қиындыққа тап болса, қосымша филиалын ашпайтыны белгілі. Сондықтан салымшыларымызға «Астана банкінің» тұрақты даму бағытынан айнымағанын тағы да қайталап айтамын.
– Олжас мырза, әңгіме басында ауыл шаруашылығын кооперациялау ісіне араласқандарыңызды айтып қалдыңыз? Бұл бағыттағы жұмысты қалай іске асырғандарыңыз қызықты болып тұр.
– Әрине. "Астана банкінің" айрықша атап өтетін қол жеткізген табыстары жетерлік.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен жұмыс істеп, олардың кооперативтерге бірігуіне қолдау көрсеттік.
Қазіргі дамыған заманда экономиканың кез келген саласын өркендету үшін қаржылық ресурс керек.
Бұл ретте біздер Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысындағы ұсақ шаруалардың іргелі кооперативтерге бірігіп, өз істеріне қаржы тартуына мүмкіндік туғызып, жер емген шаруалармен тығыз жұмыс істеп келе жатқанымызды айта аламын.
– Бұл жақсы тәжірибе екен. Сонда бұл бағыттағы жұмыстарыңызды қай уақытта бастадыңыздар? Нәтижесі қалай болғанын қысқаша баяндап беріңізші?
– Біздің банк ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қолдауды 2015 жылдан бастап үш жыл қатарынан үзбей табысты түрде жүзеге асыруда.
Осы үш жылда
Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысындағы ірілі-ұсақты 160 шаруақожалығы 6 кооперативке бірігіп, «Астана банкінің» қолдауының арқасында 541 мың гектар жерге дәнді-дақыл сеуіп, мол өнім алды.
Өз кезегінде біздің банк шаруалардың көктемгі егу, күзгі жиын-терін жұмыстарын уақытында жүргізу үшін тиісті қаражатты біздің банктен дәл уақытында алып отырды. Қаржыдан тарықпағаннан кейін жанармай мен техникаларына қажетті қосалқы бөлшектерді дер кезінде сатып алып, жұмыстарын табыспен аяқтады.
Келешекте бізбен жұмыс істейтін шаруақожалықтарының ауқымын кеңейтіп, еліміздің өзге облыстарын да қамтитын боламыз.
– Айтыңызшы, ауыл шаруашылығын кооперациялау жұмысын жүзеге асыруда қандай да бір іс-тәжірибені назарға алдыңыздар ма?
– Сұрағыңыз орынды. Жалпы ауыл шаруашылығына салған инвестиция қайтарымы төмен екені жасырын емес. Сондықтан бұл істі қолға алғанда жұмыс нәтижелі болуы үшін Батыс елдерінің банк жүйесінің іс-тәжірибесін зерттеп, Қазақстанның қазіргі жағдайына сай іске асыруға айрықша көңіл бөлдік.
Ауыл шаруашылығын кооперациялауды табысты жүзеге асырған Германияның Райффайзен банкінің іс-тәжірибесіне баса мән бердік.
Осы іс-тәжірибені Қазақстанның жағдайына ыңғайлап, жүзеге асырудың сәті түсті. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарымыз қарапайым шаруалар тарапынан қолдау тауып отыр.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, дамытатын боламыз. Айталық, бұл бағытта шаруаларға кооперативтерді капитализациялаудың мәні мен маңызын түсіндіре бастадық.
Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта іргелі кооперативтерді күшейтіп, еліміздегі ірі агрохолдингтермен бәсекеге түсетін деңгейге жеткізетін болады.
– Ауыл шаруашылығын кооперациялау бағытындағы жұмыстарыңыз шынымен маңызды екен. Бұл жайында алдағы уақытта оқырмандарыңызға айтып берсеңіз жақсы болар еді.
Олжас мырза, сізді дәл қазір қандай мәселе алаңдатады?
– Иә, сіздермен алдағы уақытта тағы да кездесіп, ауыл шаруашылығы саласын кооперациялауға қатысты жұмыстарды жан-жақты айтып беруге әзірмін.
Дәл қазір мені
ауыл шаруашылығын кооперациялау бағытындағы жұмысымыздың аяқсыз қалмауы, бізге сенім артқан 2500-ден астам салымшы мен 800 мыңнан астам банк клиенттерінің жағдайы қатты алаңдатады.
Бір ғана ауыл шаруашылығын кооперациялау ісінің арқасында біздер 2016 жылы 2800-ден астамды тұрақты жұмыс орнының ашылуына себепші болдық.
Кооперативке біріккен шаруалар көктемгі егіс науқанын дер уақытта аяқтауы тиіс.
Өз басым шаруалардың жағдайына қатты алаңдап отырмын. Келешекте бізге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» холдингі барынша қолдау көрсетуі керек деп есептеймін.
Бүгінгі қиындықтар артта қалып, нәтижелі жұмыстарымыз жалғасын табарына сенімдімін.
– Олжас мырза, жүйелі әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқандар, Нұрлан ЖҰМАХАН,
Думан БЫҚАЙ
"Астана банкі" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Тоқтаровтың үндеуі
[video width="720" height="404" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2018/04/10000000_863811343826589_7907879264110772224_n.mp4"][/video]