Әскери білім алу: курсанттарға қойылар талап күшейуде

Dalanews 19 шіл. 2022 07:48 764

Елімізде әскери саланың маманы болуды қалаған үміткерлер қатаң талаптан өтеді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Жастардың денсаулығына, қажыр-қайратына, мінез-құлқына жіті назар аударылады. Шілденің ортасында басталған Қорғаныс министрлігінің курсант қабылдау науқаны тамыздың ортасына таман мәресіне жетпек.

Айта кетелік, елімізде әскери білім беретін, мамандандырылған үш институт бар.

Бұлар: Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы әскери институты мен Алматыда орналасқан С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскері институты және де Байланыс және радиэлектроника институты.

Осынау оқу орындарына құжат тапсырып, сынақтан өткен курсанттар төрт мезгіл тегін тамақпен, қаражатпен, киім-кешекпен әрі қажетті оқу әдебиетімен қамтамасыз етіліп, әскери білімнің қыр-сырын меңгеріп шығады.

Нақтылап айтар болсақ, институтқа қабылдау бас-аяғы 4 кезеңнен тұрады.


Бастапқы кезеңде, жастардың психологиялық тұрақтылығын зерделейтін іріктеу жүргізіледі. Бұл кезеңнен өткендер үшін келесі кезекте медициналық тексеру жүргізіледі, дәрігерлік сараптама тағайындалып, болашақ курсанттың тән саулығы назарға алынады.

Ал үшінші сатыда спортқа бейімділігі тексеріледі, шыныққан, шымыр жастарға басымдық беріледі. Ең аяғында 5 тамыз күні ЖОО курсанттығына қабылдау байқауы жүргізіледі.

Комиссиясының ұйғарымы келесі күні жарияланып, оқуға түскен курсанттар тізімі институттың ресми сайтында жарық көреді. Ал 8-ші тамызда оқу орны басшысының бұйрығы негізінде комиссияның соңғы әрі нақты шешімі қабылданады.

Бұған дейін Dalanews.kz ілгерідегі оқу орындарында білім берудің заманауи стандарты енгізіліп, оқытушылар құрамы жаңарғанын хабарлаған болатын.

Осынау институттарда білім алған сарбаздар еліміздің Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара қызметінде, Төтенше жағдайлар саласында талмай тер төгіп жүр.


"Курсанттық кезеңнен лейтенанттыққа" дейінгі 4 жылда оң-солын танып, әскери саланың ыстық-суығын сезінген жастар үлкен өмірдің сынағына төтеп береді. Оқуға қабылданған курсанттар тек әскери біліммен ғана шектелмейді. Бірінші кезекте олар патриотизмнен дәріс беріледі. Отанға адал қызмет ету үлкен мәртебе екенін үйретеміз. Ал ант беру рәсіміне курсанттардың ата-анасынан бөлек соғыс ардагерлері, әскери саланың танымал тұлғалары, қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысады. Былайша айтқанда, бүгінгі сарбаздар әскери оқу-жаттығудан бөлек, тарихи-мәдени, ұлттық құндылықтарды меңгеріп шығуы керек", – дейді бұл ретте полковник Жұмабек Ахметұлы.

Соңғы жылдары елімізде әскери кадрлар тәрбиелеу ісінде оң өзгерістер орын алуда. Соның ішінде халықаралық әріптестік жолға қойылып жатыр. Қазақстандық курсанттар Ресейдің іргелі институттарында білім алу, талабын шыңдауда. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табады. Биыл курсанттарды шетелдің әскери институтына жіберуде бірқатар өзгеріс болғанын айта кету қажет.

Бұдан былай шет елдің әскери оқу орнына түсу үшін алдымен Қорғаныс министрлігіне қарасты ілгерідегі үш институттың біріне, бірінші курсқа қабылдану қажет.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар