“Асығыс шешім қабылдамауымыз керек”. Саясаттанушы Бейбітшілік кеңесіне қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 21 қаң. 2026 11:45

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үй басшысының шақыруымен Швейцарияның Давос қаласына бармақ. Сапар барысында АҚШ президенті Дональд Трамп “Бейбітшілік кеңесінің” жарғысына қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл бастама Қазақстан үшін қандай пайда мен тәуекел әкелуі мүмкін? Осы сұраққа саясаттанушы Асылбек Ізбайыров жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, кеңеске кіру үшін ұсынылып отырған 1 млрд доллар көлеміндегі жарна Қазақстан экономикасына шамадан тыс шығын болуы мүмкін. Өйткені ұйымның өкілеттігі мен нақты мәртебесі әлі толық айқындалмаған.

“Әрине, Бейбітшілік кеңесіне қосылу туралы ұсыныс - Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен рөлінің жоғары екенін көрсетеді. Алайда өкілеттігі мен статусы нақты бекітілмеген құрылымға қатысу үшін қомақты қаржы төлеу орынсыз көрінеді. Бұл тұрғыда байыппен қарау қажет”, - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар Асылбек Ізбайыров Мемлекет басшысының бұл мәселені АҚШ басшылығымен талқылауын дұрыс әрі орынды қадам деп бағалады. Оның пікірінше, мұндай диалог Қазақстанның әлемдік саяси картадағы орнын күшейте түседі.

“Қазақстан дәстүрлі түрде бейбітшілік пен бітімгерлік бастамаларға әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Бұған дейін Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өткізуге бейтарап алаң ұсынып, халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болдық”, - деп қосты ол.

Алайда Газа секторындағы жағдайға байланысты тікелей басқару немесе реттеу үдерістеріне араласу Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымына толық сәйкес келе бермейді. Саясаттанушының сөзінше,  Қазақстан Палестина мемлекетін БҰҰ қарарларына сәйкес 1967 жылғы шекаралар аясында мойындайды әрі Израильмен де ресми қарым-қатынас орнатқан.

“Осы жағдайда БҰҰ шеңберінен тыс Газа төңірегіндегі қақтығысқа араласу артық қадам болуы мүмкін. Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі күрделі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Сондықтан Қазақстан бұл мәселеде асықпай, барынша сақ әрі салмақты шешім қабылдауы тиіс”, - деп түйіндеді саясаттанушы.

Бейбітшілік кеңесіне ресми шақырту

Айта кетейік, 22 қаңтарда Мемлекет басшымы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен "Бейбітшілік кеңесінің" Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу үшін Швейцарияға аттанады.

Бұған дейін Трамп Тоқаевты Газа мәселесі жөніндегі Бейбітшілік кеңесінің құрамына шақырған еді.

Бұл ақпаратты Tengrinews агенттігіне Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай растады.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған кеңеске әлем көшбасшыларының ішінде алғашқылардың бірі болып ресми шақырту алған.

“Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алды. Қазақстанға бұл жаңа бірлестіктің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылды. Мемлекет басшысы АҚШ президентінің атына ризашылығын білдіріп, бастаманы қолдайтынын және Кеңес құрамына кіруге келісімін растаған хат жолдады”, — деді Руслан Желдібай.

Кеңестің құрылымы мен өкілеттігі қандай?

Ұйымның жарғы жобасына сәйкес, Бейбітшілік кеңесінің алғашқы төрағасы міндетін АҚШ президенті атқарады. Сонымен қатар кеңеске қай елдердің мүше болатынын АҚШ басшысы жеке өзі шешу құқығын сақтап қалмақ.

1 млрд долларлық жарна талабы

Айта кетейік, Дональд Трамп әкімшілігі Газадағы жағдайды реттеуге бағытталған Бейбітшілік кеңесіне үш жылдан астам уақыт мүше болғысы келетін елдерден 1 млрд доллар көлемінде жарна төлеуді ұсынған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.

Bloomberg дерегінше, бірқатар сарапшы мен сыншылар АҚШ президенті БҰҰ-ға балама немесе оған бәсекелес құрылым құруға тырысып жатыр деген алаңдаушылық білдіріп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove