Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов бюджет қаржысына қатысты маңызды сауал көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
"Мемлекет басшысы жолдауында: "Бюджет қаражатының әрбір теңгесі ел игілігіне жұмсалуы тиіс. Яғни қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек" деп нақты атап өтті. Алайда Аудиторлық палатаның ақпараты бюджет қаржысы қалайша есепсіз жұмсалып жатқанын анық көрсетіп отыр. Мәселен көлік саласының өзінде бір емес, бірнеше мысал мұны дәлелдейді", - деді ол.
Жайымбетов алдымен "БАКАД" жобасын тілге тиек етті. Оның сөзінше, жобаның сметасы долларды 575 теңгеден есептеп жасалған, ал Үкіметтің ресми бағамы - 540 теңге.
"Осы айырмашылықтың өзі-ақ 2 миллиард теңгенің артық шығынына әкеліп отыр. Бұдан біз қаражатты ұқыпсыз жоспарлаудың көрінісін көріп отырмыз", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамына бөлінетін қаржы да күмәнді.
"Жыл сайын 8 миллиард теңге субсидия қарастырылған. Бірақ лизинг шарттары бекітілмеген. Құқықтық тұрғыдан да, қаржылық тәртіп тұрғысынан да құжаты жоқ жобаны қаржыландырудың қисыны жоқ", - деді ол.
Сонымен қатар, шекарадағы өткізу бекеттеріне 2021 жылдан бері мол қаржы бөлінген.
"Бірақ жұмыс әлі толық аяқталған жоқ, бюджеттен қайта-қайта қосымша қаражат сұралып отыр. Нәтижесінде 8 жобаның 6-ына артық шығын көлемі 26 миллиард теңгеге жеткен. Бұл дегеніміз мемлекет қаржысына жасалған салғырттықтың айғағы. Ал Қазақстан - Қырғызстан шекарасындағы "Қарасу" бекетіне қосымша 6,9 миллиард теңге сұралып отыр. Бірақ ол бойынша сараптама қорытындысы да, жер учаскесіне құқықтық құжаттар да жоқ. Мұндай жағдайда қаржы бөлу - ашық талан-таражға жол ашқанмен тең", - деді Жайымбетов.
Депутаттың сөзінше, бюджет қаржысы күмәнді жобаларға емес, елдің тұрмысын түзеуге бағытталғаны жөн.