Аса ірі алаяқтық жасады деген күдікті Чехиядан Қазақстанға экстрадицияланды

Қаракөз Амантай 15 нау. 2024 14:49 2346

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Чехиядан экстрадициялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ол 2021 жылдың көктемінде жәбірленушіге халық тұтынатын тауарларды Қазақстаннан Ресейге тасымалдау қызметін ұсынып, одан кейін алдау арқылы жәбірленушінің 19 миллион теңгеге жуық тауарын иемденіп, оны басқа тұлғаларға сатып, ақшасын жымқырған деген күдікке ілінген", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Қылмыс жасағаннан кейін күдіктінің жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды. Биыл қаңтарда ол Чехияда ұсталды.

"Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар