Зергерлік бұйымдарды сатып алу сылтауымен алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйел Түркиядан қайтарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросы ҚР Сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуімен Түркия Республикасынан бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан Республикасының азаматын елге қайтарды.
Күдікті 2024 жылы Қызылорда қаласында жәбірленушілерге зергерлік бұйымдарды төмен бағамен сатып алып беремін деп уәде беріп, алдау жолымен олардың ақшаларын иемденген. Оның қылмыстық әрекеттері салдарынан 8 адам жапа шегіп, оларға жалпы сомасы шамамен 130 млн теңгеге материалдық залал келген.
"Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті ел аумағынан тыс жерге бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында ол Түркия Республикасының аумағында ұсталды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
