Түркістан облысының Арыс қаласында мас күйінде көлік жүргізіп, үш адамның өліміне себеп болған мұғалімге сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 6 маусым күні болған. Тергеу материалдарына сәйкес, 52 жастағы мұғалім алкогольдік масаң күйде жол талғамайтын көлікпен келе жатып, қоршауды бұзып өтіп, орындықта отырған адамдарды қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан балабақша тәрбиешісі болып жұмыс істеген жүкті әйел, оның екі жасар ұлы және бес жасар қыз бала қаза тапты.
Сот әйелді кінәлі деп танып, оны 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар оған өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.
Алайда сот оның мүгедектігі бар кәмелетке толмаған қыз тәрбиелеп отырғанын ескеріп, тағайындалған жазаның орындалуын бір жылға кейінге қалдырды. Қаза тапқандардың туыстары сот үкімін тым жеңіл деп санайтынын мәлімдеді.