Арнайы жолақтарды жауып тастайтын жүргізушілерге қатаң жауапкершілік енгізу қажет, деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков, деп хабарлайды Dala News.
Депутаттың айтуынша, елді мекендерде арнайы жолақтар әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл тек түсіндірумен шектелмейтін мәселе – инфрақұрылым, тәртіп және бақылау қатар жүруі керек.
Оның пікірінше, мұндай жолақтарда полиция бақылауын күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға жағдай жасау қажет.
Құспеков арнайы жолақты жауып қойған жүргізушілерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды.
Атап айтқанда:
- ірі айыппұл салу;
- жүргізуші куәлігінен айыру.
Депутаттың сөзінше, жүргізушілер бұл талаптарды өз қауіпсіздігі үшін сақтауы тиіс.
«Бір ғана кедергі төтенше жағдайда адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін», – деді ол.
Сондай-ақ Құспеков бұл мәселені тек жекелеген қала немесе тұрақ тапшылығы аясында емес, жалпы жүйелі проблема ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.
