Армениялық телеграм арналарда Тоқаев басып алынған Арцахқа заңсыз сапар жасады деген хабарламалар тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақстан президенті басып алынған Арцахқа заңсыз сапармен барды", - делінген Armenian life телеграм арнасында.
Айта кетейік, Арцах - қазіргі Әзербайжан территориясындағы тарихи аймақ. "Арцах" атауы саяси лексиконда 1980 жылдардың аяғында Таулы Қарабақ Автономиялық облысы мен Армян КСР аумағында бұқаралық қоғамдық қозғалыспен бірге пайда болды. КСРО ыдырағаннан кейін және тәуелсіз мемлекеттер құрылғаннан кейін бұрынғы тарихи Арцах территориясының бір бөлігі ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан 2023 жылға дейін Әзербайжанның халықаралық мойындалған территориясының бөлігі болған. Аймақ іс жүзінде мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының бақылауында болған. Бірақ 2023 жылы Әзербайжан бұл аумақты толығымен бақылауға алды.
Ақордадағы ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Физули қаласын дамытудың бас жоспарымен танысқан.
Тоқаев Әзербайжан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні Ильхам Әлиевпен бірге Физули қаласындағы қираған жерлерді аралап көріп, шаһарды дамытуға арналған бас жоспармен танысқан.
Тоқаев пен Әлиевке қаланы және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру үшін қолға алынған шаралар туралы мәлімет берілген. Сондай-ақ шаһардың жаңа келбеті: келешек әкімшілік орталықтың, саябақтың және басқа да маңызды нысандардың эскиздері мен жобалары көрсетілді.
Бұдан бөлек, екі ел президенттеріне қазіргі уақытта қалада ауқымды құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндалды. Былтыр мамыр айында қала ішіндегі көшелер мен жолдар желісінің негізі қаланып, ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз және жауын суының ағып кету жүйесін тарту жұмыстары басталған. Сондай-ақ цифрлық қосалқы станция мен "Физули" басқару орталығы іске қосылған көрінеді.