Армения парламенті вице-спикері Рубен Рубинян ресейлік насихатшы Владимир Соловьёвтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, оны белгілі мәтелдегі "итке" теңеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ит үреді, керуен көшеді. Бұл жағдайда ит - ресейлік кәсіпкер Самвел Карапетянның жақын досы әрі отандасы Соловьёв, ал керуен - бейбітшілік пен даму жолына бет алған сүйікті еліміз", - деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін ресейлік насихатшы Владимир Соловьёв Мәскеу "арнайы әскери операцияны" тек Украина аумағында емес, посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерде де бастауы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, Ресей үшін ең қауіпті өңірлердің қатарына Армения мен Орталық Азия елдері жатады. Соловьёв бұл аймақтардың ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан Сирия немесе Венесуэладағы жағдайдан әлдеқайда маңызды екенін атап өтті.
"Армениядан айырылу - аса үлкен мәселе. Азиядағы, нақтырақ айтқанда өздері Орталық Азия деп атайтын өңірдегі түйткілдер - біз үшін ауқымды қатер. Сондықтан мақсаттарымыз бен міндеттерімізді ашық әрі нақты айқындау қажет. “Ойын аяқталды” деп тура айту керек. Халықаралық құқық пен халықаралық тәртіпке сүйенудің қажеті жоқ. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украинада арнайы әскери операция бастауға мәжбүр болсақ, дәл осы уәжбен өзіміз ықпал аймағы деп санайтын басқа өңірлерде де осындай қадамға баруға не кедергі?", - деген еді ол.
Айта кетейік, қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев те ресейлік насихатшы Владимир Соловьёвтің Орталық Азия мен Кавказға қатысты даулы мәлімдемесіне пікір білдірген еді.
Әбішевтің айтуынша, Соловьёвтің сөздері Кремльдің сыртқы саяси сигналдарының бірі болуы мүмкін немесе жекелеген саяси демарш ретінде де қарастырылуы ықтимал. Ол мұндай жария әрі себепсіз мәлімдемелерді одақтас елдерге қатысты мемлекетаралық қарым-қатынас әдебінің бұзылуы деп бағалады.
"Геосаяси мүддені ашық айту - бір мәселе, ал көрші елдермен ықтимал әскери қақтығысқа қоғамды алдын ала психологиялық тұрғыда дайындау - мүлде бөлек", - деді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол мұндай өшпенді риторика Қазақстан секілді елдердің көпвекторлы саясат жүргізуіне қатысты орынсыз күдік тудыратынын атап өтті. Оның сөзінше, дәл осындай мәлімдемелерден кейін өзге мемлекеттермен, оның ішінде әскери ынтымақтастықты дамыту теріс қабылдана бастайды.
