Армения парламентінің отырысы билік пен оппозиция өкілдері арасындағы жанжалдан кейін уақытша тоқтатылды. Депутаттар арасындағы сөз таласы төбелеске ұласқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға оппозициялық «Күшті Армения» фракциясының депутаты Эдгар Казарянның сөзінен кейін басталған.
Ол парламент мінберінен билеуші «Азаматтық келісім» партиясының депутаттарын алған сыйақыларын жұмсамауға шақырып, бұл қаражат мемлекет бюджетіне қайтарылуы керек екенін айтқан.
«Рубинян мемлекеттік қаражатты ысырап етті. Мен сіздерді бұл 250 мыңды, сыйақыны жұмсамауға шақырамын. Біз бұл ақшаны соңғы тиынына дейін қайтарамыз», – деді Казарян.
Осыдан кейін Рубен Рубинян оппозициялық депутаттан күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөйлеуді талап етіп, оның микрофонын өшірген.
Казарян орнына оралған соң билік пен оппозиция депутаттары арасында сөз таласы басталып, артынша итеріс пен төбелеске ұласқан.
Жанжал күшейгеннен кейін Рубинян үзіліс жариялап, парламент ғимаратына қауіпсіздік қызметкерлерін шақырған. Олар депутаттарды залдан шығарғанымен, жанжал дәлізде де жалғасқан.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр.