Армения ЕАЭО құрамындағы жұмысын жалғастырады — Пашинян

Армения ЕАЭО құрамындағы жұмысын жалғастырады — Пашинян
Фото: Thomas Trutschel / Imago Images / Global Look Press

Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) қызметін жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Пашинянның сөзінше, мұндай шешім қабылданатын болса, соңғы сөзді Армения халқы референдум арқылы айтуы тиіс.

"Біз ЕАЭО аясында жұмыс істеп жатырмыз және Еуропалық одақ пен ЕАЭО арасында таңдау жасау қажеттілігі туындағанға дейін осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Мұндай маңызды шешімді Армения азаматтары референдум арқылы қабылдайды", – деді премьер-министр.

Сондай-ақ ол Армения Еуроодаққа мүшелікке ресми өтініш бермейінше немесе кандидат мәртебесін алу кезеңіне жақындамайынша, бұл мәселе бойынша жалпыхалықтық дауыс беру өткізудің қажеті жоқ екенін айтты.

Премьер-министрдің пікірінше, қазіргі жағдайда ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыру маңызды.

"Біз ЕАЭО аясындағы жұмысымызды ешқандай қайшылықсыз жалғастырып келеміз. Бұл бағытта әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктер бар. Алдағы уақытта сол әлеуетті тиімді іске асыра аламыз деп сенемін", – деді Никол Пашинян.