Армандарға жету жолындағы батылжүрек

Dalanews.kz 17 там. 2025 12:28

Зәмзагүл Файзолланова көпшілікке Бопай лақап атымен танымал спортшы. Ол – дзюдо, қазақ күресі, ережесіз жекпе-жек сияқты үш спорттың шебері ғана емес, аяулы жар, үш баланың анасы, екі жоғары білімі бар әскери қызметкер. Спорт күніне орай BAQ.KZ тілшісі спортшымен сұхбаттасты.

– Зәмзагүл, спортқа қалай келдіңіз?

– Мені спортқа 8 жасымда әкем алып келді. Әкем – самбо, қазақ күресі, сумо, дзюдо сияқты күрес түрлерінен спорт шебері. Сол себепті кішкентайымнан спортқа деген қызығушылығым қалыптасты. Басында гимнастика, жеңіл атлетика, жүзумен айналыстым, кейін дзюдоға келдім. Басында бұл да уақытша деп ойладым, бірақ дзюдоны шын ұнатып қалдым. Бар болғаны бір ай дайындалып, алғашқы жарысымда екінші орын алдым. Содан бастап әкем мен бапкерлерім маған сеніп, қолдау көрсетті.

– Дзюдо мен қазақ күресі арасында қандай айырмашылықтар бар?

– Екі спорт түрі де айла мен дайындықты талап етеді. Бірақ айырмашылығы – дзюдода партерде күресуге болады, ал қазақ күресінде ондай мүмкіндік жоқ. Ал ережесіз жекпе-жекте осы екі күрестегі тәсілдер өте қажет. Маған тек бокстан қол қою жетіспеді, қолымды қойған соң жекпе-жекке де шыға бастадым.

– Сіздің "Бопай" деген лақап атыңыз бар. Ол қайдан шықты?

– Менің атымды Зәмзагүл деп әжем қойған. Бәлкім Меккеге барып, зәмзәм суын ішуді армандағаны үшін шығар. Ал "Бопай" – Кенесары ханның қарындасы, Кіші жүз ханы Әбілхайырдың жары, батыр, қайсар әйел. Бұрынғы менеджерім менің бойымнан сол қасиеттерді көріп, "Бопай" деп атап кеткен. Яғни, мен бастасам, соңына дейін барамын.

– Әкеңіз спорттық мансабыңызға ерекше әсер еткен сияқты.

– Иә, әкем Файзолла Қойшыманов менің өмірлік ұстазым. Ол маған спорт арқылы адал еңбек етуді үйретті. Әкем: "Өмірде шындықты табу қиын, ал спортта бәрі тең, кім көп еңбектенсе сол жеңеді" деп айтатын. Бұл мен үшін өмірлік қағида.

– Екі жоғары біліміңіз бар екен. Оқуға қалай үлгердіңіз?

– Анам Гаухар Қойшыманова үшін біздің білім алуымыз өте маңызды болды. Ол өзі университетке түсе алмаған. Менде екі бакалавр, бір магистратура бар. Докторантураға тапсырып, 15 балл жетпей қалды. Сол құжаттармен заң мамандығына екінші жоғары білімге тапсырып, жақсы бағалармен бітіріп шықтым.

– Спорт пен отбасын қатар алып жүру қиын емес пе?

– 2018 жылы тұрмысқа шықтым. Күйеуім Мықтыбек екеуміздің үш баламыз бар: екі ұл, бір қыз. Кезінде АҚШ-қа кетіп, UFC-де өнер көрсеткім келді, бірақ виза бермеді. Сол кезде Мықтыбек "Сен талай жыл татамиде күрестің, енді бала сүйіп, өзің үшін өмір сүргің келмей ме?" деді. Сөйтіп отбасын құрдық. Ол мені жақсы түсінеді, мен еркіндікті жақсы көремін. Кейде қысым көп болса, жарылып кетуім мүмкін. Сондықтан қолдауы үшін ризамын.

– Үш баладан кейін спортқа қайта оралу қаншалықты қиын болды?

– Оралуға болады, бірақ қиын. Ұлдарымнан кейін тез қалыпқа келдім, ал қызымды босанғанда 22 келі салмақ қосып алдым. Қазір соның 16-сын әрең тастадым. Әрине, балаларға көбірек уақыт бөлгім келеді, бірақ олар махаббаттан кенде емес, жақындарым көмектесіп жатыр.

– Кәсіпқой спортта қандай жетістіктеріңізді ерекше атар едіңіз?

– Дзюдодан бес дүркін, қазақ күресінен жеті дүркін Қазақстан чемпионымын, "Көшпенділер ойындарының" жүлдегерімін. Alash Pride лигасының алғашқы чемпионы ретінде қазір де титулымды қорғаймын. ММА-да жетістікке жету – мінезімнің арқасы. Аса төзімді болмасаң, бұл спортта өнер көрсете алмайсың. Жекпе-жекке кез келген қарсыласқа шығуға дайынмын. Қазір 78 кг салмақта қарсылас табу қиын, “бергенін аламын”.

– Кезінде жарақаттармен де күрескеніңіз белгілі. Қазір денсаулығыңыз қалай?

–Бұрын АҚШ-та мұрын сынған күйде, кейде саусақ сынғанмен де жекпе-жекке шыққан кездер болды. Бірақ ол кезде тек қарсыласты жеңу туралы ойлайсың. Қазір ауыр жарақаттар жоқ, денсаулығым жақсы.

– Сіз спортшы ғана емес, әскери қызметкерсіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Мен 8-сыныптан бастап Армия орталық спорт клубында болдым. 19 жасымда әскерге шақырылдым. Бір айдан кейін әскери Олимпиадаға қатысып, бесінші орын алдым. Әскерде болу үшін елге деген сүйіспеншілік керек. Кейде ұйықтағың келеді, бірақ Отанға деген махаббат бәрін еңсеруге көмектеседі.

– Қандай арманыңыз бар?

– Генерал болғым келеді. Сауле Айтпаева – еліміздегі алғашқы әйел генерал. Мен екіншісі болуды армандаймын. Көбі "Сен ақылдысың, әдемісің, саған спорт не керек?" деп сұрайды. Менің жауабым біреу қазақ қыздары ежелден батыр, жері мен намысы үшін соғысқан. Бұл біздің қанымызда бар.

– Арманыңызға жетіңіз, әңгімеңізге рақмет!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар