Қазақстанда смартфондардың жаңа IMEI-кодтарын тіркеу жүйесіне байланысты тағы бір үлкен даулы мәселе туындап отыр. Мәселенің мәні мынада: жақында елімізге әкелінетін әрбір смартфонды міндетті түрде IMEI-код бойынша верификациядан өткізу туралы талап енгізілді. Бірақ мұның астарында смартфон импорттаушыларынан әрбір құрылғы үшін жеке меншік компанияға 3932 теңге (1 АЕК) мөлшерінде төлем алатын жаңа жүйе жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл қаражат мемлекеттік бюджетке емес, арнайы тіркелген жеке компанияның есепшотына түсетіні белгілі болып отыр. Жыл сайын Қазақстанға орта есеппен 4 миллиондай смартфон әкелінеді екен. Оны жаңа тариф бойынша есептесек, жыл сайын 16 миллиард теңге шамасындағы қаражат жеке компанияның қалтасына кетеді деген сөз.
Бұл туралы қоғам белсендісі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өз пікірін білдіріп, ашық алаңдаушылық танытты. Оның айтуынша, мұндай схема елдегі ұялы байланыс нарығындағы "жаңа утиль алымына" айналып кетуі мүмкін.
Әбеновтің айтуынша, бұл жүйені енгізуге жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне үлкен сұрақтар туындайды:
"Министрлік бұл бастаманы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіреді. Бірақ шын мәнінде, бұл бастаманың астарында жеке компанияның мүддесі тұр ма деген орынды күдік бар. Егер мемлекет азаматтардың қауіпсіздігі туралы шынында да қам жесе, бұл функция неге ашық емес, жабық әрі бенефициарлары белгісіз жеке компанияға тапсырылды?" - деп ашынды ол.
Депутат бұл схеманы "утиль алымы 2.0" деп атап, оның зияны мен қаупіне айрықша тоқталды:
"Мұның нәтижесінде смартфондар қымбаттайды, импорттаушылардың шығыны артады, ақыры бұл шығынды тұтынушы, яғни қарапайым халық көтереді. Мемлекеттік функцияны жекеменшік құрылымға беріп, оны бизнестің жеке табыс көзіне айналдыру - өте қауіпті тенденция. Егер осындай жаңа схемалар енгізіле берсе, мемлекет бюджетін толтырудың орнына, жекелеген адамдардың ғана байюына жол ашып береміз. Салық пен төлемдерге қарсы емеспін. Бірақ олар ашық болуы керек, бюджетке түсіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет", – дейді Мұрат Әбенов.
Бұл жағдайды тереңірек зерттеген журналист Қанат Әміркиннің деректері де алаңдатады. Оның айтуынша, смартфондарды верификациялау үшін арнайы құрылған kz-imei.kz сайтының өзі жеке тұлғаның атына тіркелген және иесі туралы ақпарат толықтай жабық. Яғни сайттың нақты иесі кім екені белгісіз. Домен 2024 жылдың қыркүйегінде, дәл осы схема қолға алынар алдында ғана тіркелген, барлық ақпарат жасырылған. Бұл - ашықтық пен жариялылықты талап ететін мемлекеттік бастамаға еш сай келмейтін жағдай.
Сонымен қатар, бұл қызметті атқаратын ТОО "AT ...Z" компаниясы 2023 жылы ғана құрылған. Бастапқыда басқа атаумен тіркелген компания 2025 жылы ғана жаңа атау алып, IMEI-кодтарын тексеру ісін қолға алған. Бұл компанияның негізін қалаушы және жалғыз басшысы – Владислав С. есімді азамат. Компания IT-кодтар жазумен айналысады, мемлекеттік органдармен тікелей байланысы жоқ, салық төлеуші ретінде ҚҚС есебіне тіркелмеген, мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды, Astana Hub құрамында жоқ, лицензиялар да алмаған.
Осылайша, "жеке компанияға мемлекеттік функцияны беру" схемасы нақты жұмыс істей бастағаны анық байқалады.
Мұрат Әбенов бұл іске қатысты министрлік тарапынан жауап алу керегін ашық айтады:
"Жаңа алымның мөлшері қалай анықталды? Ақша неге бюджетке емес, жеке меншік компанияның есебіне түседі? Министрлік бұл бастаманың осылай іске асуына неге жол берді? Біз осы сауалдарға нақты әрі ашық жауап талап етеміз. Қоғамнан түсетін ақша қоғам игілігіне жұмсалуға тиіс, жекелеген адамдардың қалтасына кетпеуі керек. Бұл ашықтық пен әділеттілік қағидатына сай емес. Мемлекеттік функциялардың мұндай жолмен жеке қолдарға өтуі - өте қауіпті үрдіс", – деп қорытындылады депутат.
IMEI-кодтарын верификациялау жүйесінің астарында шынымен де үлкен әрі түсініксіз бизнес-мүдделер тұрғаны анық байқалады. Мұндай бастамалар қоғам тарапынан ашық талқыға салынып, барынша ашық әрі әділ жүзеге асуға тиіс. Әзірше министрлік бұл мәселеге нақты жауап бермей отыр. Ал қоғам алаңдаулы және бұл мәселені ашық талқылауды талап етіп отыр.
Еске салайық, жуырда Павел Александров есімді эколог елге әкелінетін әр смартфон үшін жеке компанияға шамамен 4000 теңгеден төлем жасалатынын анықтады.
Бұған дейін де дәл осы төлемнің мемлекеттік бюджетке емес, жеке меншік кәсіпорынның қоржынына құйылатыны жұрттың наразылығын тудырды.