Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары елдегі акция нарығының капитализациясы сәуірдің басында жалпы ішкі өнімнің шамамен 31 пайызына жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшылардың дерегінше, мемлекеттік бағалы қағаздар көлемі ЖІӨ-нің 21 пайызына, ал корпоративтік қарыз көлемі 18 пайызына тең. Бұл ішкі капитал нарығы біртіндеп кеңейіп келе жатқанын және оның әрі қарай өсу әлеуеті сақталғанын көрсетеді.
Мамандар бөлшек инвесторлар саны артуы, басқарудағы актив көбеюі ішкі инвестициялық база дамып жатқанын аңғартатынын айтады.
Сонымен қатар, сарапшылар нарықтағы даму біркелкі емес екенін де атап өтті. Олардың пікірінше, қазіргі жүйе негізінен өтімді құралдардың шектеулі тобы мен квазимемлекеттік секторға сүйеніп отыр.
Алдағы кезеңде капитализацияның өсуі сапалы қаржы құралдары көбеюіне, жаңа эмитенттер пайда болуына, институционалдық сұраныс артуына және ұжымдық инвестиция рөлі күшеюіне байланысты болады.
Сарапшылардың айтуынша, елде пайыздық мөлшерлеме жағынан да қолайлы жағдай қалыптасып келеді. Мемлекеттік бағалы қағаздарға қызығушылық артуы қаржы нарығындағы жағдай біртіндеп тұрақтануына негіз болуы мүмкін.