Ақтөбеде «табысты болу туралы» форумдар өткізген әйел алаяқтық үшін сотталды

Көркем Алдабергенова 09 сәу. 2026 09:02

Ақтөбе қаласының 35 жастағы К. есімді тұрғыны «ZHULDYZ BUSINESS INTELLIGENCE COMMUNITY» атты бизнес-қоғамдастық құрып, әлеуметтік желілерде дәл осындай атаумен парақша жүргізген. Ол бұл жобаны кәсіпкерлерге арналған клуб ретінде таныстырған, деп хабарлайды Dalanews.kz

Алайда әйелдің тиісті білімі де, қаржылық қызметпен айналысуға арналған ресми тіркеуі де, лицензиясы да болмаған, деп жазады Halyqstan

Соған қарамастан, ол танымал желілік тұлғалар мен медиа кеңістіктегі мультимиллионерлерді спикер ретінде шақырып, бизнес-форумдар ұйымдастыруға кіріскен.

Дәрістерді тыңдап, табысқа жетуді қалайтындарға 30 мың, 60 мың және 150 мың теңгеге билет ұсынылған.

Қонақтарды қарсы алу және іс-шараларды өткізу үшін қаражат қажет болған. Олардың қатарында бизнес-практик, мультимиллионер Саидмурод Давлатов та болған. Осы шығындарды жабу үшін К. таныстарынан ақша алып, оны жоғары пайызбен қайтаруға уәде берген.

Алайда тренингтерді ұйымдастыруға қаржы салған «инвесторлар» уәде етілген табысты ала алмаған. Біраз уақыттан кейін олар К.-ға қатысты іс бойынша сотта куәлік берген.

Іс материалдарында жалпы 14 алаяқтық эпизоды тіркелген.

Сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Ол жәбірленушілерді алдамағанын, олардың барлығы өзімен серіктес болғанын және бірлескен қызмет туралы келісімшарттар жасалғанын мәлімдеген.

Оның айтуынша, бизнесте әрдайым тәуекел бар және серіктестері бұл туралы білген. Кейбір форумдар сәтсіз өткендіктен, қарызға батқанын айтқан. Қаржылық қиындықтан шығу үшін жаңа форумдар ұйымдастыруды жалғастырғанын жеткізген.

Алайда қылмыстық сот К.-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы» заңға сәйкес, оған тағайындалған жаза 3 жыл 1 ай 10 күнге дейін қысқартылды.

Сот үкіміне сәйкес, әйел жазасын балалары 14 жасқа толғаннан кейін өтейді.

Сондай-ақ ол жәбірленушілерге шамамен 38 миллион теңгені қайтаруға міндеттелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove