Ақтөбеде қылмыскерлер түрмеден қашып кеткен: ұйықтап қалған қызметкерлер сотталды

Көркем Алдабергенова 05 мау. 2024 11:26 2530

Ақтөбеде сотталушылар түрмеден қашып кеткен. Осы іс бойынша жауапты қызметкерлер сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Ақтөбе қаласының №2 сотымен "С", "И" және "Н" салғырттық, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның өз мiндеттерiн қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан орындамауы немесе тиісінше орындамауы деген айыппен қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 371-бабының 1 бөлігі).
 
Қысқаша фабула
 
11 қараша 2023 жылы Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының Уақытша ұстау изоляторына тәуліктік кезекшілікке кезекшісі "С", бекет күзетшісі "Н", алып шығушы "И" тағайындалған.
 
2023 жылы 12 қазанда сағат 01:34 - 05:58 аралығында "С", "Н" және "И" қызмет атқару орнында ұйықтап қалуларына байланысты тергеумен қамауда отырған "Е" мен "К" сағат 03:36-да тергеумен анықталмаған затпен камера есігін ашып, ешбір кедергісіз изолятордан шығып, кіре берістегі есіктің магниттік құлыптың сымдарын үзу арқылы сыртқа шығып бостандыққа қашып кеткен.
 
Соңғыларды іздестіру жұмыстарына Ақтөбе облысы полиция департаментінің, полиция басқармасының, қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері жұмылдырылып, қамаудан қашқандар 4-сағаттың ішінде ұсталып, изоляторға жеткізілді.
 
Сөйтіп, "С", "И" және "Н" салғырттық, яғни лауазымды адамның өз мiндеттерiн тиісінше орындамай, қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан қоғамның және мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған.
 
Сотталушылардың ұстанымы
 
Сотталушылар "Н" және "И" кінәсін мойындады, ал "С" кінәсін мойындамады.
 
Мемлекеттік айыптаушының пікірі
 
Мемлекеттік айыптаушы соттан әрқайсысына 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
 
Соттың шешімі
 
Қылмыстық жауаптылықты және жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот сотталушылар "И" және "Н" қылмыс жасағандарына шын ниетпен өкінуі, "И" асырауында төрт кәмелет жасына толмаған балалары барын ескереді. ҚК-тің 54-бабының 1-бөлігінің 13)-тармағына сәйкес "С", "И" және "Н" берген кәсіби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағандығы қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайы болып табылады.
 
Сот үкімімен "С", "И" және "Н" әрқайсысына 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ақтөбе облысы полиция Департаментін тиісті шара қолдану үшін сотпен жекеше қаулы шығарылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар