Ақтөбе облысының арнайы прокурорлары интернет-дүкен арқылы психотроптық заттарды бүкіл ел аумағында таратқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, «Qymyz shop» атауымен жұмыс істеген интернет-дүкен Telegram мессенджерінде «байланыссыз қатысу» үлгісімен ұйымдастырылған. Ал қаржы операциялары «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүргізілген. Интернет-дүкеннің жалпы айналымы 50 миллион теңгеден асқан.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласының аумағында алты адам анықталып, ұсталды. Олардың қолынан 10 килограммнан астам психотроптық зат тәркіленді.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262, 297 және 299-1-баптары бойынша (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, психотроптық заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу, сондай-ақ оларды заңсыз жарнамалау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Қазіргі таңда қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
