Әлеуметтік желіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мінген ұшақтың онлайн әуе карталарында уақытша көрінбей қалғаны қызу талқыланды. Бұл туралы журналист Манас Қайыртайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, президент ұшағы Қостанай облысының үстімен ұшып өтіп, Ресей әуе кеңістігіне кіргеннен кейін онлайн әуе қозғалысын бақылайтын сервистерде оның орналасқан жері көрсетілмей қалған.
Журналисттің сөзінше, осы сәтте ұшақтың транспондері өшірілген болуы мүмкін немесе әуе кемесінің онлайн локациясы жаңартылмай қалған.
Кейін Манас Қайыртайұлы мәліметті нақтылап, президент мінген ұшақтың Давостан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан Германиядағы Штутгарт әуежайына сәтті қонғанын хабарлады.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Давоста жоспарланған халықаралық кездесулерге қатысу үшін жолға шыққан. Ақорданың мәліметіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі жоспарланған.
Сондай-ақ журналист АҚШ президентінің сапарына қатысты да мәлімет келтіріп, Дональд Трамп мінген ұшақта техникалық ақау туындағандықтан, оның басқа әуе кемесіне ауысып, сапарын жалғастырғанын жазды.
Айта кетейік, президенттердің немесе өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың әуе кемелері қауіпсіздік талаптарына байланысты кей жағдайда онлайн әуе қозғалысын бақылайтын сервистерде көрсетілмеуі немесе олардың деректері шектелуі мүмкін.