Ақтөбеде интернет-алаяқтарға көмектесті деген күдікпен 10 адам ұсталды

Ақтөбеде интернет-алаяқтарға көмектесті деген күдікпен 10 адам ұсталды
ЖИ: dalanews

Ақтөбеде интернет-алаяқтық жолмен ұрланған ақшаны заңдастыруға көмектескен күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер интернет-алаяқтар ұрлаған қаражатты дропперлер арқылы шығарып отырған. Ол үшін банк қосымшалары мен криптовалюта әмияндары орнатылған ұялы телефондар пайдаланылған. Осы құрылғылардың көмегімен қылмыстық топ мүшелері бөтен адамдардың банктік шоттарын қашықтан басқарған.

Алдымен қаражат транзиттік шоттарға аударылып, кейін жалған тұлғалардың есепшоттарына жіберілген. Одан соң ақша криптовалютаға айырбасталып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Полицияның мәліметінше, алаяқтардың әрекетінен Қазақстанның 16 өңірінен 80 адам зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын 120 миллион теңгеден асқан.

Қылмыстық іс аясында 10 адам ұсталды. Оның сегізі сот шешімімен қамауға алынса, тағы екеуі үйқамаққа жіберілді. Сонымен қатар сегіз пәтерге, бір автокөлікке және құны 52 мың АҚШ долларын құрайтын цифрлық активтерге тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.