Ақтөбеде ер адам әйелін пышақтап тастаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Облыстың 41 жастағы тұрғыны қызғаныштан таңертең көршісінің үйінен мас күйінде бір ғана халатпен қайтып келген әйеліне пышақ жарақатын салған. Өзін қорғауға тырысқан әйел асүй пышағын қолға алғанымен, ер адам оны тартып алып, қарын тұсына пышақ сұғып жіберген. Жараланған әйелдің іші тұсына пышақ тиіп, ауруханаға жеткізілді.
Сотта ер адам кешке әйелімен бірге алкоголь ішкенін, кейін түннің ортасында әйел үйден шығып кетіп, таңертең ғана бір халатпен оралғанын айтты. Оның сөзінше, ер адам көршісі әйелінің қалған киімдері мен кілтін әкеліп, «ұмытып кетіпті» деген соң ашуланып кеткен.
Ал көршісінің өзі сотта әйелмен бірге бір шөлмек арақ ішкенін, содан кейін оның үйіне кеткенін айтты. Жәбірленуші күйеуін кешіргенін және ем қабылдағанын мәлімдеді. Соған қарамастан, сот айыпталушы жазасын өтеуі тиіс деген қорытындыға келді.
Ер адам 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғандықтан, жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтейді.
