Ақтөбе облысында шетелдік студенттен ақша бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды

Ақтөбе облысында шетелдік студенттен ақша бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды
gov.kz

Ақтөбе облысында шетелдік студенттен ақша бопсалады деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полиция мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шетелдік студенттен ақша бопсалау фактісі туралы жедел ақпарат алған.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 28 жастағы ақтөбелік азаматты анықтап, арнайы жасақ сарбаздарымен бірлесіп, ақша беру кезінде күдіктіні ұстады», – делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 10 күн бұрын күдікті шетелдік студенттермен танысқан. Кейін олар қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде бірге уақыт өткізген.

Полицияның айтуынша, бір күні компанияда дәмханадағы есепті төлеуге ақша жетпей қалған.

«Күдікті студенттердің біріне қоқан-лоқы көрсетіп, ұялы телефонын ломбардқа тапсыруға мәжбүрлеген», – деп хабарлады полиция.

Бірнеше күннен кейін күдікті шетелдік студенттен тағы да ақша алған.

Полиция мәліметінше, бұл жолы ол бопсалау арқылы шетелдік азаматтың 50 мың теңгесін иемденген.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.