Ақтауда сотталған азаматтың туыстары тергеу изоляторында азапталғанын мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 27 қар. 2025 16:11

Үсенбі Базарқұловтың туыстары оны қамауда ұстап отырған №77 мекемесі қызметкерлерінен қысым, қауіп-қатер және құқықтарының бұзылуына шағымданып отыр. Отбасы прокуратураға, әскери прокуратураға, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК), сондай-ақ Мемлекет басшысына көмек сұрап жүгінген, деп хабарлайды Dalanews.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Сотталған әскери қызметшінің әкесі Әбдіғапар Базарқұлов видеоүндеу жариялап, ұлына ұрып-соғу қаупі төніп, қорлау мен психологиялық қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мекеме қызметкерлері мен басқа да сотталғандар Үсенбіден қосымша іс бойынша мойындау талап етіп, күш қолданамын деп қорқытып жүр. Сондай-ақ ол сотталғанның анасы - қоғамдық қорғаушы - Батыс гарнизонының әскери полициясы қызметкерлерінен қысым көргенін, тіпті екі апта бойы баласына жолыға алмағанын айтты.

Әскери қызметшінің әйелі Нұрәлі Базарқұлова да осындай мәлімдеме жасап, үш айдан бері күйеуімен байланыса алмай жүргенін, оны әдейі оқшаулап отырғанына күдіктенетінін жеткізді. Оның сөзінше, күйеуі медициналық көмектің жоқтығына, ұстау жағдайының нашарлығына және заңмен рұқсат етілген шағымдарды қадағалау органдарына жіберуге жасалған кедергілерге шағымданған. Әйелдің айтуынша, прокуратураға, әскери прокуратураға және ҚАЖК-ге жазылған өтініштер әзірге нәтиже бермеген.

Отбасының сөзінше, 5 қараша күні Үсенбі Базарқұлов ұрып-соғуға, қорлауға, тіпті бейнебақылау аймағынан тыс жерде жыныстық сипаттағы қысым көрсетуге дейінгі қауіп-қатерге тап болған. Оның пайымдауынша, бұл іс-әрекетке режимдік қызметтің жекелеген қызметкерлері қатысы бар, ал мекеме басшылығы болған жағдайды жасыруға тырысқан. Нұрәлідің айтуынша, күйеуін жазалау мақсатында мәжбүрлеп шашын қырып, сақалын алып тастаған.

Әкесі ұлының «КамАЗ» жүккөлігінің бөлшектерін сатуға әрекеттенді деген іс бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылғанын еске салды. Туыстары айыптауды негізсіз деп санайды және мемлекетке ешқандай залал келмегенін алға тартады. Әбдіғапар Базарқұловтың айтуынша, отбасының қолында бірге отырғандардың жазбаша мәлімдемелері мен нотариалды расталған дәлелдер бар, оларды тергеу органдарына тапсыруға дайын.

Әскери қызметшінің жақындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Үсенбі Базарқұловтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған.

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті отбасы көтерген мәселелер бойынша қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар