Ақсуат халқы қуанып жатыр

Кәмшат Тілеухан 25 сәу. 2025 12:20 976

Семей – облыс орталығы. Осы облысқа қарасты Ақсуат – аудан орталығы. Бірақ, осыған қарамастан күні кешеге дейін екіараға қатынайтын автобустар болмаған. Салдарынан орталықсыз мәселесі шешілмейтін аудан жұрты "таксилетіп" жүруге мәжбүр. Яғни, аяғы ауыр келіншектер, емтихан тапсыруы керек мұғалім секілді мемлекетттік қызметкерлер, жалпы дәрігерге күні түскендер (диагностика тек орталықта), түрлі құжатты түгендеушілер, тағысы тағы дегендей. Бастысы, облыс пен аудан арасына қатынаған таксилерде дамыл жоғы, рас енді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ал такси құны бір адамға – 8 мың теңге. Әсіресе, қалтасы жұқа студенттерге қиын. Олардың демалысы басталғанда баға, тіпті 11 мың теңгеге дейін бір-ақ шарықтайды. Бірақ, "өзіне би, өзіне қожа" жекеменшікке не дейсіз, көнбестен басқа амал қайда? Осындай қиындықпен бетпе-бет келіп жүрген ақсуаттықтарға сәуірде мынандай тәуір жаңалық келіп жетті:  "23 сәуірден бастап "Семей-Ақсуат" жаңа бағыты ашылады, сағат 9:00-де Семей бекетінен Ақсуатқа, ал Ақсуаттан сағат 17-00-де Семейге күнара, тақ күндері автобус шығатын болады, бір орын құны – 2500 теңге".

Осы күйінде жергілікті чатқа келіп түскен бұл сүйінші хабар аудан халқын дүр еткізді. Әсіресе, қолжетімді баға бәрінің көңіліне қона кетті. Әрине, баға үш есе арзан болса. Осы жағынан алғанда, ақсуаттықтар жаңа облыс басшысына дән риза. "Енді осы жақсылық ұзағынан сүйіндірсе" деген бір-ақ тілек бар оларда. Өйткені осыған дейін аракідік екіарада төбе көрсеткен автобустар жылт еткен "жақсы жарнама" құсап, көп ұзамай қарасын батырып отырыпты. Себебі белгісіз...

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар