Жуырда енді Қазақстан азаматтары көлікті жаңа әдіспен ала алатыны айтылды. Алайда мұның қауіпті тұстары бар болып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Мұрат Әбеновтің мәлімдемесі
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов осы турасында пікір білдірді.
"Жеке тұлғаларға автолизингке рұқсат беру айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұл - жоғары пайызбен берілетін несие, салдарынан тұтынушы әрі ақшасынан, әрі көлігінен айырылып қалуы мүмкін", - деді ол.
Автолизинг қашаннан бастап қосылады?
1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда азаматтарға арналған автолизинг іске қосылады. Бұл туралы бұған дейін Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков мәлімдеді.
"Көлік сатып алу - көптеген азамат үшін қиын мәселе. Көпшіліктің қымбат несие алуға немесе жылдар бойы алғашқы жарна жинауға мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселені біз екі жыл бұрын алғаш көтердік. Бүгінде ол нақты нәтиже берді, Президент тапсырмасымен жеке тұлғаларға арналған автолизинг механизмі іске қосылады", - деді депутат.
Лизинг дегеніміз не?
Лизинг - ұзақ мерзімді жалдау түрі, яғни адам көлікті 2-5 жыл пайдаланады, бірақ көліктің иесі лизинг компаниясы болып қала береді.
Мерзім аяқталғанда клиент көлікті қайтарып, қалған құнымен сатып ала алады немесе жаңа келісімшарт рәсімдей алады.
