Ақша? Алтайдан ғылыми дәлелдемені талап еттік - министр Нұржігітов

Қаракөз Амантай 03 ақп. 2025 16:00 1204

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Аралға қолдан жаңбыр жауғызып, “жаңбыр адам” атанған Алтай Айнабектің жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, ол 2023 жылдың желтоқсанында ғалыммен кездесіп, оның жобасымен танысқан.

“Көтерілген мәселе бойынша айтылған 2,6 миллиард текше метр су – арнайы гидропосттар арқылы өлшенген су көлемі. Мұны анықтайтын арнайы құралдар бар. Бірақ бұл судың Аралға жетуі үшін оны реттеу және дұрыс бөлу қажет. Сондықтан бұл нақты деректерге негізделген көрсеткіш,” – деді Нұржігітов "УӘДЕ" бағдарламасына берген сұқбатта. 

Ол кез келген жаңа технологияның ғылыми тұрғыда дәлелденуі маңызды екенін атап өтті.

“Алтай Айнабекпен таныспын. Ол 2023 жылдың желтоқсанында менің қабылдауымда болып, өз жобасын таныстырды. Сол кезде мен оған: "Әуелі өз әдісіңді дәлелде", – дедім. Кейін біз бұл іске ғалымдарды қосуды ұсындық. Себебі әлеуметтік желіде кез келген адам "жаңбыр жауып жатыр, мен шақырдым" деп айта алады. Бірақ мұндай тұжырым ғылыми дәлелдеуді қажет етеді. Сондықтан біз ғылыми институт мамандарының зерттеу жүргізуін ұсындық. Алайда бұл жұмыс іске аспады. Ол қарсылық танытты деп айта алмаймын, бірақ бірлескен зерттеу жүргізілген жоқ,”– деді министр.

Министрдің сөзінше, жоба аясында қаржыландыру мәселесі де көтерілген.

“Ақша туралы да әңгіме болды. Бірақ біз алдымен ғылыми дәлелдеме қажет екенін айттық. Қазір нақты соманы есіме түсіре алмаймын, бірақ әңгіме 100-200 миллион теңге көлеміндегі қаржы туралы болды,” – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Еске салайық, бұған дейін Dalanews.kz тілшісі әлемжеліде "жаңбыр адам", "қазақтың Тони Стәркі" деген лақап аттарымен танылып келе жатқан, Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы, “Жасанды жаңбыр жауғызу” технологиясының авторы Алтай Айнабекпен тілдескен еді.

Бірнеше жыл бұрын Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шешуге атсалысқан маман Аралдың жай-күйіне де ерекше назар аударған болатын.

Маман "Арал өңіріне жаңбыр жауғызамын" деген ойын ортаға салды. 

Табиғи құбылыстың тосыннан келген сыйына дайын болмаған жұрт бұл "Құдайдың емес, Алтайдың жаңбыры" деген алып-қашпа әңгімелерді алға тартуда.

Желдей есіп жатқан аталмыш ақпараттарды ғалым жоққа шығармайды. Айтуынша, Аралға жасалып жатқан тәжірибе аталған өңірлерге әсер етуі әбден мүмкін.

"Біз Қазақстанда жұмыс жасаған мерзімдер: 2021 жылдың қазан айы, 2022 жылдың наурыз , сәуір, мамыр айлары және 2023 жылдың тамыз айы. Сонымен қатар 2024 жылдың 18 маусымынан бастап жұмысты жалғастырып жатырмыз. Осы кездердің барлығына ортақ бір құбылыс бар – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жауын-шашын деңгейі көп болған.

Атмосфера – статикалық емес. Барлық нәрсе айналып тұрады. Экватордың солтүстігінде атмосфера қозғалысы батыстан шығысқа жүреді. Сондықтан Аралға жасалып жатқан тәжірибенің Алматыға әсері болуы заңдылық. Және біз циклондарды технология көмегімен ұзақ уақытқа ұстап тұруға ықпал етіп жатырмыз. Бірақ болашақта, үкімет қолдап, материалдық техникалық базамыз күшейгенде Аралдың тарихи табанының үстіне жауынның біршама бөлігін локализация жасаймыз", - дейді ол.

Ғалым "Аралды суға толтырудың" алғашқы кезеңдерін еңсеріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл процесс біраз уақытты талап етеді.

"Бірінші кезең – климатты үйрету. Жалпы, Аралдың климаты ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның үстіне Арал тартылған соң мүлде басқа климат орныққан. Біз соны өзгертудеміз. Қазір температура біршама түсіп, жауын едәуір артты. Климат үйрене келе, "облака вертикального развития" жасау жеңілдене түседі. Жоғарыда айтқандай материалдық техникалық база күшейгенде басты этап "жауынның Аралдың тарихи табанына локализация процесінде" су тіптен көбейеді", - дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар